20 июня, 2025
Су сапалы, ал жабдықтар ескірген

Су сапалы, ал жабдықтар ескірген

Бүгінгі қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде Қостанай қаласындағы ауыз су жүйесінің жәй-күйі сөз болды.

Қостанай қаласының тұрғындары тұтынып жүрген ауыз су екі қайнар көзден алынады. Олар Амагелді су қоймасы мен 36 жер асты су көзінен тарайды.

Ауыз су сапасының тиісті нормативтік көрсеткіштерге сай болуын Қостанай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бақылап, сынамалар алып отырады. Сол үшін басқарма мен «Қостанай су» коммуналдық кәсіпорны арасында әріптестік жөніндегі келісім жасалыпты.

– 2024 жылы санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сәйкестігін тексеруге 144 су сынамасы алынды. Оның ішінде 20 сынама талапқа сай келмеді. Судың қаттылық, лайлы және марганец бойынша көрсеткіштері нормативтерден жоғары болды. 2025 жылдың өткен бес айында су тарту желілерінен 906 сынама алынып, физика-химиялық құрамы зерттелді. Бактериялық көрсеткіштер бойынша 960 сынама алынып, оның жетеуі талапқа сәйкес келмеді. «Қостанай су» коммуналдық кәсіпорнының зертханасы суды тазарту және тарату желілерінің барлық кезеңдерінде судың сапасы мен қауіпсіздігіне тәулік бойы өндірістік бақылауды жүзеге асырады, – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алмат Байкенов.

Басқарма басшысының айтуынша, судың сапасы, құрамы жағынан көрсеткіштер ойдағыдай. Өкінішке қарай, су тасымалдау жүйелері мен сорғы жабдықтарының тозығы жетіпті.

Салдарынан су құбырлары жарылып, апатты жағдайдың жиілеуіне әкеліп соғуда. Мысалы, 2022 жылы су тарту желілерінде 195 апат тіркеліп, соның 180-і жұмыс уақытында қалпына келтірілген. 2023 жылы 277 апат тіркеліп, 242-сі жұмыс күнінде қалпына келтіріліпті.

Ал былтыр 189 апаттың 187-сі дер кезінде қалпына келіпті. Жыл басынан бері 66 апат тіркеліп, 63-і жұмыс уақытанан кешікпей жөнделген.

Қаладағы кәріз желілерің 72% жуығының тозығы жеткен. Ағынды суларды биологиялық тазарту қондырғысы жоқ. Тұрғындар сыртқы кәріз құдықтарының бітеліп қалатынын айтып, жиі шағымданатын көрінеді.

– Кәріз құдықтарының бітелу себептерінің бірі – жертөлелердегі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде кәріз құбырларының қажетті маркаларын пайдалануда кететін техникалық қателік. Жертөлелерді су басу қаупінен сақтау үшін құбырларды дер кезінде жаңартып, жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу қажет, – деді Алмат Байкенов.

Қала әкімі Марат Жүндеваев су сапасын жақсарту жұмыстарына қомақты қаражат құйылғанын айтты.

«Қостанай-2» шағын ауданында жыл сайынғы көктемгі қар суының мәселесін шешуге бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бұл жерде жер асты суларын табиғи жолмен бұру туралы шешім қабылданып, нөсерлік кәріз жүйесі салынды. «Қостанай-2» ауданындағы жұмыстарды «Қостанай су» коммуналдық кәсіпорны өз бақылауына алған.

Қала бойынша нөсерлік кәріз жүйелерін салу жұмыстары жалғаса бермек. Алдағы уақытта «Аэропорт» шағын ауданында да жауын суын ағызатын кәріз жүйесін орнату жоспарлануда.

Қымбат ДОСЖАНОВА