Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тарихпен тілдесіп, жүректі рухтандыратын үлкен белес. Осы айтулы дата қарсаңында Қостанайда ерекше тағылымды кездесу өтті. Қазақ руханиятына еңбегі сіңген тұлға – Қасымхан Алдабергенов және тыл еңбеккерлерімен жүздесу кеші жас ұрпаққа өткеннің аманатын ұсынды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша демартаменті мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Басқосудың басты мақсаты – ұлт қаһармандарын ұлықтап, студент жастарға ел мен жер алдындағы борыш туралы ой салу.
«Қасымхан ата – тек майдангер ғана емес, руханият жолының шырақшысы. Оның өмірі – шежіре. Біз жастарға тарихты тек кітаптан ғана емес, осындай адамдармен жүздесу арқылы жеткізуіміз керек», – дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша демартаментінің басқарма бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Ерлан Сиырбаев.
Тарихшылар мұндай іс-шараның мәні жоғары екенін атап өтті. Себебі қазіргі 21 ғасыр цифрлық заманда өткенге үңіліп, одан тағылым алғанның артықтығы жоқ.
Қазіргі таңда аймақ бойынша саусақпен санарлық соғыс ардагері қалған. Ал оларға құрмет көрсету ұрпақтың міндеті.
«Соғыс 80 жыл бұрын болды деп тариха үстір қарамауымыз керек. Себебі ол біздің тарихымыз. Ал әрбір адам тарихын танып, түсінгені жөн. Міне, ғасыр жасаған атамызбен жүздесіп, оның сырлы әңгімелерін студенттерге баяндауға мүмкіндік турды. Барымызды бағалау басты парызымыз», – дейді А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ қауымдастырылған профессоры Айбек Шаллғымбаев.
Ұлы Отан соғысының тірі куәсімен жүздесудің өзі – тағдырмен тілдесу. Ғасыр жасаған қарияның айтқан әрбір сөзі өмірлік сабаққа айналары даусыз.
«Мен оқ пен оттың арасынан аман шықтым. Бірақ сол жолда қаншама тағдыр тозып, қаншама үміт үзіліп қалды. Сол үшін бұл Жеңістің құны тым ауыр. Сондықтан бейбіт күннің бағасын біліңдер. Барымызды қадірлеп, шүкір ете білген дұрыс», – деді Қасымхан ақсақал.
Осы жиында жастар тек тарихты тыңдап қойған жоқ, ұлттық рух пен елжандылықтың терең мәнін түйсінді. Солардың бірі – тарих факультетінің студенті Айғаным Хамза:
«Қасымхан ата сұрапыл соғысты көзімен көрген тұлға. Ол қан кешіп, бораған оқтың ішінен аман шыққан солдат. Абыз дария. Мен осындай ғасыр жасаған адамның әңгімесін тыңдағаныма өте қуаныштымын. Жеңіс жылнамасын оның өз аузынан есту – үлкен бақыт. Ол кісі ақын әрі айтыскер, жыршы-термеші екен. Құдай атамыздың ғұмыр жасын ұзақ, денін сау етсін», – дейді ол.
Мұндай кездесулер – өткен мен бүгіннің алтын көпірі. Батырлардың өнегелі өмірі – ұрпақтың рухани тірегі. Сондықтан да, тарихты тек құрметтеп қана қоймай, одан сабақ алу – әрбір саналы азаматтың борышы.
Тимур ШАГИРОВ,
Ноғаев ЖАНБОЛСЫН
ҚӨУ студенттері
Суреттерді түсірген – Жанболсын НОҒАЕВ