Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз Жабатай Исмагулов кезінде «Даңқ» орденінің ІІІ, ІІ дәрежелерімен наградталған. Енді, міне, сол орденнің І дәрежесі араға 80 жыл салып ұрпақтарының қолына тиді. Яғни, ол «Даңқ» орденінің толық кавалері болды. Батырдың наградасы ұрпақтарына табыс етілді.
Жабатай Сейдалыұлы 1925 жылы 15 сәуірде Торғай облысы, Жанкелдин ауданының бұрынғы «Торғай совхозы», қазіргі Шеген ауылының «Қызылқоға» деген елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Сейдалы Оспан қажының немересі, кейін репрессияның құрбаны болған. Анасы Өрімкүл Нұртайқызы.

1933 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы 7 жылдық ауыл мектебінен білім алады. Мектепті бітірер-бітірместен 1942 жылдың 4 сәуірінде екінші дүние жүзілік соғысқа аттанады. Әскери антын 1942 жылы 9 мамырда төртінші Артиллериялық полктың құрамында қабылдаған. 1945 жылдың 9 мамырына дейін Далалық майданда, Батыс Украина майданында, екінші Украина майданында, №48,41,44-артиллериялық полктердің құрамында шайқасқан.

Елге 1947 жылдың 18 тамызында әскер қызметтен босату, яғни демобилизациялау туралы жазған өз өтініші бойынша, КСРО мемлекеті Министрлер кеңесінің шешімімен босап келеді. Жұбайы Мағдана Шәрменқызымен отау құрып, Кеңестік кезеңдегі ауыл шаруашылығы саласына белсене араласады. 1960 жылы «Торғай» кеңшары құрылғаннан кейін еңбек жолын Қарақұдық бөлімшесінде жалғастырған.1964 -1977 жылдары шопандықты қолға алады.
Бейбіт заманның да озаты, еңбек ері атанып, көптеген орден, медальдарға, республикалық, облыстық, аудандық марапаттарға ие болады. Оған куә туған ауданының орталық музейінде тұрған «Октябрь Революциясы» ордені және көптеген медальдары.
Немересі Жансұлтан Оңдасынұлы Арқалық қаласының тұрғыны. Биллиярдтан қаланың бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстан чемпионатының жүлдегері. Шөбересі Нұртілеу Жансұлтанұлы Арқалық қаласы төтенше жағдайлар қызметінің аға лейтенанты. Ауыр атлетикадан 2015-2016 жылғы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионы.
Қиын да күрделі заманда өмір сүрген Жабатай Исмагулов соғыс кезінде алған жарақаттардың салдарынан небары 56 жасында мәңгілік сапарға аттанады. Батырымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
