Студенттік Ассамблея жастардың басын Қостанайда біріктірді

Студенттік Ассамблея жастардың басын Қостанайда біріктірді

Қостанайда алғаш рет Студенттер Ассамблеясының республикалық форумы болды. Маңызды іс-шараның ашылуы Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде өтті.
Еліміздің белсенді жастарының басын қосатын форум аясында этносаралық келісім мен бірлікті нығайту, студенттік бастамаларды дамыту және Қазақстан халқы Ассамблеясының құндылықтарын білім беру жүйесінде ілгерілету мәселесі қаралды.

blank

Іс-шараны ұйымдастырушылар жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Олардың сөзінше, бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман, қоғам көшбасшысы, ел ертеңін қалыптастыратын тұлға. Сондықтан Студенттер Ассамблеялары жастарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды алаңға айналуы тиіс.

blank  blank

Форум бағдарламасы тек ресми сөздермен ғана шектелмей, тәжірибелік жұмыстарға бағытталды. Іс-шараның негізгі секциялары мен пленарлық отырысын «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары, Студенттер Ассамблеясының төрағасы Александр Урмашов жүргізді. Ол «Ішкі көшбасшылық» тақырыбы бойынша шеберлік сағатын өткізді. Яғни, жастарға өз әлеуетін толық ашуға, өзін-өзі дамытуға және ұйымдастырушылық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған кеңес берді. Жиылғандар қаланың көрікті жерлерін аралап, Дулатұлының 140 жылдығына орай әзірленген қойылымды тамашалады.

 

Маңызды іс-шараның екінші күнінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен форумның пленарлық отырысы болды. Өңір басшысы сөз алып, Қостанай облысының талай тарихи тұлғалар туған, елдің мәдени-рухани өмірінде ерекше орны бар киелі аймақ екенін тілге тиек етті. Бұл кездесудің ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе бөлісуге және жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуда маңызы мол екенін жеткізді.

blank

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің болашағы – дарынды әрі патриот жастардың қолында. Бүгінде қоғамның бірлігін нығайтуда жастардың орны өте маңызды. Қостанай облысында 200 мыңнан астам жас өмір сүріп келеді. Бұл облыс халқының жалпы санының 26%-ін құрайды. Жастарамыз 6 жоғары оқу орнында және Ішкі істер министрлігінің Академиясындабілім алады. Биыл өңірдің жоғары оқу орындарында 20 мыңға жуық студент білім алуда, соның ішінде 25%-і білім гранты негізінде оқиды. Сонымен қатар 33 техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында 22 мыңға жуық студент білім алуда, оның ішінде 90%-і грант иегерлері. Қостанай облысы ұзақ уақыт бойы аграрлық аймақ ретінде танылып келгенімен, бүгінде өңір елдің маңызды индустриялық және логистикалық орталығына айналып келеді. Жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері үшін жаңа өндірістер, жұмыс орындары ашылып, өңір жас әрі білікті мамандар үшін аса тартымды болып отыр», – деді Құмар Ақсақалов.

blank

Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдің экономикалық дамуы төрт негізгі бағытқа жіктелгенін айтты. Яғни, машина жасау, қара металлургия, көлік-логистика инфрақұрылымы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы. Соңғы жылдары облыста ұлттық деңгейдегі ауқымды жобалар іске қосылды. Солардың бірі – жүк көліктеріне арналған қозғалтқыш блоктары мен цилиндр басын өндіретін жаңа KamLitKZ шойын құю зауыты. Сонымен бірге ауыр техникаға арналған жетекші осьтер шығаратын зауыт та іске қосуға дайын.

«Қостанайдың ерекше мақтаныштарының бірі – толық цикл бойынша жұмыс істейтін, жоғары технологиялы KIA автозауыты. Мұнда 1500 жаңа жұмыс орны ашылды. Зауыт халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Металлургия саласында да тарихи жоба жүзеге асуда – ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 1,3 млрд доллар, ал құрылыс толық аяқталғанда 1000 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын әлемге танымал «Midrex» технологиясын қолданбақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде кәсіби кадр даярлау жүйесін күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Қостанай өңірлік университеті биыл Оңтүстік Кореяның Dong-Eui университетімен бірлесіп, «Автомобиль өнеркәсібі инжинирингі» атты жаңа білім беру бағдарламасын іске қосты. Ал Миннесота университетімен бірге «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша қос диплом беру бағдарламасы жүзеге асуда. Қазіргі таңда жаңа өндірістердегі қызметкерлердің 55–70 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді», – деді өңір басшысы.

Өңір студенттері де жетістіктен кенде емес. Айталық, сегіз студент республикалық «Үздік 100 студент» қатарына енді. Биыл Астанада өтетін WorldSkills чемпионатында Қостанай облысы да жоғары нәтиже көрсетеді деп күтілуде. 2021 жылдан бері жас костанайлықтар «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бойынша төрт жоба жеңіп алды. Ал Forbes Kazakhstan-ның «30 жасқа дейінгі 30 талант» тізіміне Мираc Байжігіт пен Мағзұм Төлеш еніп отыр.

«Жастарды тұрғын үймен қамту үшін мемлекеттік бағдарламалармен қатар «Қостанай жастары» өңірлік жобасы іске асуда. 2022 жылдан бері оған 6 млрд теңге бөлініп, 344 жас отбасы баспаналы болды. Биыл тағы 1 млрд теңге жеңілдетілген несие беріледі. Президент атап өткендей, қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – мемлекеттің дамуының кепілі. Биыл Қазақстан Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтті. Облыстағы 6 оқу орнында Студенттік ассамблеялар табысты жұмыс істеп, жастардың бастамаларын біріктіруде», – деді Құмар Ақсақалов.

blank

Жиында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат
Әзілханов, Студенттік Ассамблеялар институтының құрылуы – жастарды ұлттық бірлік идеологиясына жұмылдыратын, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыратын жаңа қадам деген баға берді.

«Ең қуантарлығы – былтыр ғана іске қосылған бұл бастама небәрі бір жылдың ішінде қарқынды дамып, Студенттік Ассамблеялардың саны 100-гежетті. Бұл – жастардың бірлікке деген ұмтылысының, елдік мүддеге адалдықтың жарқын көрінісі. Студенттік Ассамблеялар – Ассамблеяның жоғары және кәсіптік орта оқу орындарындағы өкілдігі ретінде, жастарды қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлік айналасына топтастыратын маңызды институт. Оның негізгі миссиясы – жастарды этносаралық келісім құндылықтары төңірегінде біріктіру, мемлекеттік тілді меңгеруді қолдау, волонтерлікті және медиацияны дамыту, студенттердің әлеуметтік-маңызды бастамаларына серпін беру. Бұл құрылымдар қысқа уақыт ішінде оқу орындарының ішкі өміріне ғана емес, өңірлік Ассамблеялардың жұмыс жүйесіне де жаңа серпін берді. Жас буынның белсенділігі мен жауапкершілігі Ассамблеяның жалпы қызметін жаңғыртатын қуатты ресурсқа айналып келеді», – деді Марат Әзілханов.

blank  blank

Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттердің азаматтық құзыреттерін дамытуға бағытталған бағдарламаларды енгізуді, сондай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындарында мәдениетаралық диалогты нығайтуға үлес қосып келе жатқан студенттік ұйымдардың қызметін белсенді түрде қолдап келеді. Студенттік ассамблеялар – жастарды бейбітшілік, келісім және көшбасшылық құндылықтары төңірегіне біріктіретін маңызды құрылымдардың бірі. Сондықтан елімізде Студенттер Ассамблеясын құру және дамыту ісінде Ғылым және жоғары білім министрлігі институттың негізгі серіктесі.

«Республиканың әр түкпірінен жиналып отырған ең алғыр, ең ынталы, ең жігерлі жастар – дәл өздеріңіз. Сіздерді Қостанай жерінде алғаш рет өтіп отырған Студенттер Ассамблеясының I республикалық форумына Ғылым және жоғары білім министрлігі атынан шын жүректен құттықтаймын. Бұл форум – елімізде тұңғыш ұйымдастырылған тарихи іс-шара. Еліміздің студент жастары үшін, біз үшін де аса маңызды. Өйткені, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастар – мемлекеттің ертеңі, елдің болашағы. Ел игілігі үшін білімді, бәсекеге қабілетті, ойы өткір, саналы ұрпақ қалыптастыру – бәріміздің міндетіміз. Осы форумға проректорлар, жоғары оқу орындарының өкілдері де арнайы қатысып отыр. Бұл студенттік бастамаларға жоғары деңгейдегі қолдаудың бар екенін көрсетеді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

blank

Білім беру жүйесі мәдениетті дәріптеу, толеранттылықты құрметтеу бағытында маңызды рөл атқарады. Дәл мектеп қабырғасында азаматтық ұстаным, өзара түсіністік және көпұлтты жастардың ынтымақтастығына негіз қаланады. Бұл – кейін колледждер мен жоғары оқу орындарында студенттік ассамблея жалғастырып, дамытатын маңызды құндылықтар.

«Ассамблея жастары форумы бұл ел бірлігін, қоғамдық келісімді және жастардың азаматтық белсенділігін нығайтуға бағытталған маңызды алаң. Ассамблеяның 30 жылдық жолы бұл бейбітшілік пен келісімнің, өзара құрметтің, сан алуан этностарды біріктіретін ортақ құндылықтардың қалыптасқан кезеңі. Бұл форум жас көшбасшылардың жаңа бастамаларын қолдауға, жастар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге, түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты тереңдетуге сеп беретін орта. Жастарға кәсіби бағдар беру өскезең ұрпақтың болашаққа деген нық қадам басуына ықпал ететін фактор екені белгілі. Оқушылардың ерте кәсіби бағдарлау жұмысын күшеуті мақсатында оқу-ағарту министрлігі тарапынан біршама шаралар қабылданды. Мысалы, биылдан бастап педагог кәсіби бағдар беруші лауазымы барлық білім беру ұйымдарының шаттық бірлігіне енгізілді. 2024-2025 жылдары мемлекеттік мектептерде 1781 кәсіби бағдар беруші болса, қазір олардың саны 5 мыңнан асты. Олар оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы өзекті ақпарат беріп, дұрыс кәсіби бағыт таңдауға көмектесуде. Жалпы алғанда кәсіптік бағдарлау шараларымен 2,5 млн оқушы қамтылды. Ал бүгінгі оқушы, ол ертеңгі студент екенін жақсы білеміз», – деді Қазақстан Республикасы Білім министрлігі орта білім Комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Басқосу елдің әр өңірен жиылған жастар үшін де тиімді болды. Өйткені олар республикалық деңгейдегі үздік мамандардың дәрісін тыңдап, әр жақтан келген белсенді студенттермен танысады. Ол болашақ жобалары үшін қажетті білім мен байланыстарды нығайтуға сеп.

«Біздің университет халықаралық серіктестіктерді дамытып, студенттерге сапалы білім алуға, жан-жақты дамуға мүмкіндік жасап отыр. Білім ордасындағы маңызды жобалардың бірі АҚШ-тың университетімен бірлесе жүзеге асырылып отырған қос дипломды бағдарламасы. Бұл бағдарлама студенттерге бір уақытта екі елдің сапалы білімін алу мүмкіндігін ұсынады. Оның басты артықшылықтары халықаралық деңгейдегі мойындалған біліми дағдыларды игеруі. Кәсіби мүмкіндіктерді кеңейту, сондай-ақ, заманауи зертханаларда ғылыми жобаларға қатысу арқылы тәжірибе байыта алады. Сондай-ақ біздің оқу орында студенттік ассамблея ашылды. Қысқа уақыттың ішінде ұйым белсенді жұмыс істеп, нақты нәтиже көрсете бастады. Осы уақыт аралығында студенттік ассамблея мәдени, экология және әлеуметтік жобаларды қамтыған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Бұл бастамалардың барлығы студенттердің бірлігін нығайтуға, жауапкершілік пен белсенділігін арттыруға бағытталған. Біз өзге де студенттік ассамблеялармен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз», – дейді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3 курс студенті Көркемай Жүсіпбек.

blankblankblankblank

Келелі басқосу соңында Қостанай облысының Студенттік Ассамблеяларына сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Алғыс хаттарымен ұйымның дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ