«Studentvision song and dance contest – 2024» облыстық байқауы мәреге жетті 

 «Studentvision song and dance contest – 2024» облыстық байқауы мәреге жетті 

Облыстың орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары арасындағы өнер сайысының «Вокал» және «Хореография» номинациясы бойынша Рудный музыкалық колледжі мен Лисаков техникалық колледжінің студенттері жеңімпаз атанды.

Еске сала кетсек, былтырғы ән байқауында да Рудный музыкалық колледжінің студенті Даяна Шағатайдың өнері қазылар тарапынан үздік деп танылған еді. Биылғы ән байқауында осы Рудный музыкалық колледжінің студенті Мерей Бергенов топ жарды.

Мерей 6 жасынан бастап өнерде жүргенін айтады.

“Менің жеңіске жетуім – ата-анамның батасы мен колледждегілердің қолдауының арқасы. Конкурс ұйымдастырушыларына өз алғысымды айтамын”, – дейді Мерей.

Би байқауында үздік деп танылған «Пацаны – ребята» ансамбліне хореограф маман Сергей Гурьев жетекшілік етеді. Ол ұжым Лисаков техникалық колледжінің студенттерінен құралған.

“Біздің бұл ансамбльді құрғанымызға бірер жыл ғана болды. Тобымызға жаңадан қосылған қыздар да бар. Бәрі колледждің бірінші курсында тәлім алады. Азғантай уақыттың ішінде жеңімпаз атанып, сенімімді ақтаған шәкірттерімді әрдайым мақтан тұтамын”, – дейді Сергей Гурьев.

Байқауда тоғыз оқу орнынан он үш қатысушы сынға түсті.

Солардың бірі Қостанайдағы құрылыс колледжінің студенті Амира Омарова. Амира Жітақара қаласының тумасы. Он жылдан бері музыкалық үйірмеге қатысып, талантын шыңдап келе жатқан жан.

“Ән айтқанды бала кезімнен ұнаттым. Кейін анама үйірмеге жазуды өтіндім. Осы қадамымның сахнада көрінуіме үлкен септігі тиіп келеді”, – дейді ол.

“Зерек” колледжінің жанынан ашылған би ансамблі екінші жыл қатарынан осы байқауға қатысып келеді.

Осы топтың мүшесі Виктория би өнерімен сегіз жылдан бері айналысып келе жатқанын айтып жатыр.

“Біз биден ләззат аламыз. Барлық іштегі эмоциямызды осы өнер арқылы көрсетуге тырысамыз. Мақсат жеңісте емес, ортада өзіңді жақсы өнеріңмен таныта білуіңде”, – дейді Виктория мен топтасы Айзира Бағдатқызы.

Бұл байқауды облыстық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің жастары жыл сайын ұйымдастырып келеді.

Сегізінші жыл қатарынан ән мен би байқауы Қостанай облысының жастары арасында жаңа есімдер мен таланттарды ашып жүр. Байқаудың басты мақсаты – Қостанай облысының студент жастары арасында вокалдық және хореографиялық өнерді дәріптеу.

“Бұрын бұл байқауға Қостанайдан ғана өнерпаздар қатысып келсе, былтырдан бері облыстың аудан-қалаларынан келушілердің қатары көбейді”, – дейді іс-шараның ұйымдастырушысы Юрий Шарунов.

Байқау аясында «Біз біргеміз!» акциясы ұйымдастырылды. Жиналған қаражат су тасқынынан зардап шеккендердің қоғамдық қорына аударылатын болды.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Жаңалықтармен бөлісу