СҚО-ға сапар: көрші өңірдегі іргелі істер көпке үлгі

СҚО-ға сапар: көрші өңірдегі іргелі істер көпке үлгі

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бес жылдың бедерінде елдің игілігіне айналған тың жобалар өз жемісін берді. Салыстырмалы түрде айтсақ, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көршілес облыстан үйренер нәрсе жетерлік. Онда ауыл шаруашылығы саласы, әсіресе, сүт-тауарлы фермалар жобасы қарқынды дамыған.  Кез келген кәсіпорын өнімді тереңдетіп өңдеуге бейімделген. Бұдан келер пайда шаш-етектен. Бүгінде қызылжарлық кәсіпкерлер осыған жете мән беріп отыр. 

Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдіғалиевтің айтуынша, 2021-22 жылдың өзінде салаға 35 млрд теңге қаржы құйылыпты. Соның арқасында он сегіз сүт-тауарлы фермасы бой көтерді. Тағы осыншасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл дегеніңіз – халықты сапалы мал өнімдерімен толық қамтамасыз етудің төте жолы. Соның арқасында импорттың жолы кесіледі. “Біздерде мынадай бар, мынадай бар”, – деп шетінен бастап таныстырып жүрген қызылжарлық іскер жігіттердің епсектігіне шынында да қайран қалыстық. Сонымен, жорығымызды жалғастырайық…

                                             Аққайың ауданы

Бұл  ауданда да ілкімді істер көп. Өткен жылы Аралағаш ауылында құс фабрикасы ашылды. Жоба құны 7,2 млрд теңге. Оның 4 млрд теңгесін кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша несиеге алған. Кәсіпорынға  қажетті инфрақұрылым мемлекет есебінен тартылды. 165 тұрақты жұмыс орны ашылған. Жаңа құс фабрикасы жылына 100 мыңнан астам адамды тауық етімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Кәсіпорында еуропалық заманауи қондырғылар орнатылыпты.

Былтыр    елімізде бройлер құс өсіретін жаңа алты  фабрика ашу жоспарланса,  соның  үшеуі Солтүстік Қазақстан облысында қолға алынды.  Үш бірдей  зауыт толық қуатымен жұмыс істегенде жылына 16 мың тонна құс етін өндіретін болады дейді жергілікті мамандар. Аудан әкімі Рүстем Елубаевтың айтуынша, бұл өңірдің ішкі сұранысын өтеп қана қоймай, өнімді өзге облысқа сатуға мүмкіндік береді. Аумағы атшаптырым кешенде екі бірдей еңселі инкубатор, сою цехы жұмыс істейді.

– Біздің мақсатымыз жергілікті нарықты 80%-ке  жабу. Өнім көлемін ұлғайтып, өңірлермен тығыз қарым-қатынас орнатпақпыз. Яғни,  сатып, табыс таппақпыз. Бастапқыда 165 адамды еңбекпен қамтысақ, кейін тағы 150 маманды жұмысқа аламыз. Фабриканың құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталды. Қазіргі таңда құс ұстайтын 6 ғимарат толығымен дайын. Заманауи құрал-жабдықпен қамтылған. Тауықтарға күтім жасау процесі компьютерге жүктелген. Мамандардың сөзінше балапандар 42 күн ішінде пісіп-жетіледі. Қажетті салмақ жинаған соң тауық еті дүкен сөрелеріне жеткізіледі,-дейді зауыт мамандары.

                            Бір шаруашылықта жеті ферма

Қостанайлық делегация жолай  осы  ауданға қарайлас  “Иван Зенченко” серіктестігіне ат шалдырды. Жаңа кешен Ленин ауылында орналасқан.  Шаруашылықтың бас зоотехнигі Нұргүл Жүнісова  қонақтарды шаруа жайымен таныстырып, оның өзге фермалардан артықшылығын айтып берді. Қазіргі таңда мұнда 2600 бас ірі қар бар. Оның 520-сы – сауынды сиыр. Зеңгібаба тұқымы Германиядан әкелінген, симментал тұқымына жатады. Оларға күніне екі  рет жем-шөп беріледі.

 Рационға сүрлем мен пішендеме кіреді. “Мустанг” компаниясы мәзірді әзірлеп, әрдайым тексеріп отырады. Сол бойынша ірі қараларды күніне екі рет азықтандырамыз. Барлық өнім – өзіміздікі. Тек минералды дәрумендерді сатып аламыз. Жалпы, серіктестікте отыздан астам адам еңбек етеді. Оның  төртеуі – ветеринар,-дейді  “Иван Зенченко”  ЖШС бас зоотехнигі Нұргүл Жүнісова.- Қондырғылар Италиядан, Израиль мен Ресейден жеткізілді. Уақыт талабына  сай техника жұмысты әлдеқайда жеңілдетеді. Бәрі автоматтандырылған. Өнімділік  жоғары. Бүгінгі заманда қуатты техниканың көмегімен жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге болады. Әрине, бастысы – еңбек. Адам жұмыс істемесе, ештеңе өнбейді.

Бір қызығы, шаруашылықта небары  үш-ақ  сауыншы еңбек етеді. Техниканың барлығы автоматтандырылғандықтан мамандар  тек іс барысын бақылап тұрады. Сапалы күтімнің арқасында бір сиырдың  өзі күніне 30 литр сүт береді. Өнім көлемінің жеткіліктігі сонша,  артылғаны 800 бұзауға беріледі.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы сүт өндіру бойынша республикада көш бастап тұр. Әсіресе,  бұл іс 2017 жылы өңірге Қ. Ақсақалов әкім болып келгеннен бері қатты жанданды дейді жергілікті басшылар. “Жақсы істің басында ылғи жақсы адамдар жүреді”, Құмар  Іргебайұлы бес жылдың ішінде бір тыным көрген жоқ. Нәтижесін міне, өздеріңіз көріп отырсыздар,”-дейді Аққайың ауданының әкімі.

Облыста   кейінгі жылдары инвестициялық жобалар айтарлықтай  басымдыққа ие.  Соның арқасында тек, 2021-22 жылдары салаға 35 млрд теңге несие берілген. Бүгінде Солтүстік Қазақстанның қай бұрышына барсаңыз да, жағалай қаптаған құрылыс алаңын көрер едіңіз. Өңірде екі жылдың ішінде 18 сүт-тауарлы фермасы ашылған. Биыл, жыл соңына дейін тағы 9 ферма пайдалануға берілмек. Келесі жылы тағы 9 ферма салу көзделіп отыр.

-Мұның сыртында шаруашылықтар екінші деңгейлі банктерден несие алып, басқа да қажетті нысандарды салып жатыр. Яғни, саладан түсер пайда мол. Мәселен, бір фермада 600 қара мал болса, оған 50-60 жұмысшы қажет. Өйткені, біздегі кәсіпорындардың бәрі кластерлік жүйее негізделген.Ет-сүт өнімдері өзімізде қайта өңделеді. Одан жасалған өнімдерді өз дүкендерімізде сатамыз. Мұның бәрі халықтың әлеуметтік жағдайын оңалтуға сеп. Сосын тағы бір айта кететін жайт, кейінгі кезде біз егістікті тамшылатып суару тәсіліне көшіп жатырмыз. Неге десеңіз, соңғы төрт жылда өңірде құрғақшылық болды. Алғашқы кезде  2700 гектар алқапқа тамшылатын суару әдісін қолданған едік, қазір оның көлемі екі есе өсті. Бүгінде 5000 гектарға картоп, көкөніс, көпжылдық шөптер егілді. Мұнда тиімді жобаларымыз көп,-дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдіғалиев.

                                                 Үлгілі ауыл

Жан-жағын аққайың көмкерген ну орманның ішінде “Дайындық” деген  оймақтай ғана қазақы ауыл бар.  Қазақы дейтініміз, бұл елдімекенде бірде-бір өзге ұлт өкілі жоқ. Бәрі өзіміздің қаракөздер. Кезінде “Ленин” кеңшарының бір бөлімшесі болған шағын елдімекенде 28-ақ үй болыпты. Жергілікті іске азамат Біржан Шәймерденов осы жерден шаруашылық ашқалы, ауылдың бетіне қан жүгірді. Тіпті, біз кездегі жабылып қалуға шақ қалған ауыл қазір еңсе тіктеген. Мұнда бүгінде 300-ден астам адам, сексен сегіз үй түтін түтетеді. Кәсіпкер ауылға келгелі алпыстан астам жаңа үй салынған. Ауыл көшелері түгел асфальтталған. Су үйді-үйге кіріп тұр. Шағын ауылда екі мектеп, кафе, асхана, монша, медпункт, мешіт бой көтерген. Мұнда сырттан көшіп келушілер өте көп.

-Біздің шаруашылықта 120 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың барлық әлеуметтік мәселесі шешілген.  Шаруашылықтың қаржысы есебінен жылда ауылды көркейтуге қомақты қаржы саламыз. Мәселен, өткен жылы 500 млн теңге қаражат құйдым. Оған  елдімекенге қажетті нысандарды салдық, үйлер бой көтеріп жатыр.  Мына шағын мектептің өзіне 85 млн теңге қаржы жұмсалды. Біз ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуда аянып қалмаймыз,-дейді “Дайындық-Агро” ЖШС директоры Біржан Шәймерденов.

Ауылда қазір тағы он екі үй салынып жатыр. Өйткені, мұнда көшіп келгісі  келетіндердің қатары басым. “Дәл қазір менің қолымда 137 отбасының  тізімі тұр. Бәрі келгісі келеді. Бірақ, біз өзімізге қажетті мамандық иелерін шақыртамыз деп отырмыз”,-дейді Біржан Әбділманұлы.-Бұл жер біздің атамекеніміз. Осы жерде туып-өстік. Ата-анамыз да осында. Сондықтан, басқаша істеу мүмкін емес. Қарапайым еңбек адамына лайықты жағдай жасалғанда ғана ісің алға басады. Қалғанының бәрі бос сөз. Негізі, кез келген кәсіпкер осылай жұмыс істесе, сонда ғана көрікті, дамыған ел боламыз.

Бұрын бұл аулда су да, жол да жоқ еді. Қазір су үйге кіріп тұр.  Туалет, ваннасы іште. Тек, жұмыс істе, ерінбе.  Дайындық ауылына кейінгі жылдары еліміздің өзге өңірлерінен бірнеше отбасы қоныс аударыпты. Монғолиядан былтыр алты отбасы көшіп келген. Биыл да бес отбасы жүгін тиеп, дайын отыр дейді серіктестік басшысы.  Шаруашылықта жұмыс істейтіндердің жалақысы орташа есеппен алғанда 383 мың теңге.  Білікті мамандар айына 500 мың теңге айлық алады. Оған жыл аяғында берілетін 2-3 млн теңге бонусты қосыңыз. Дайындықтық тұрғындардың шалқып өмір сүруінің сыры осында. 2029 жылы ауылдың құрылғанына 100 жыл толады. Соған орай ауылдағы үй санын 100-ге жеткіземін дейді іскер басшы. Сонда кемінде бұл ауылда тұрғын саны 600 адамға  артпақ.

Дайындық ауылына көшіп келгендердің бірі – Алмагүл Ербұланқызы. Төрт жыл бұрын Жамбыл ауданынан осында қоныс аударған. Қазір “Дайындық-Агро” ЖШС-інде сауыншы болып еңбек етеді.

-Ол жақта жұмыс жоқ. Мектебі жабылады дейді. Амал жоқ көшуге тура келді. Қазір жолдасымның да, өзімнің де тұрақты жұмысым бар. Айлығы жоғары.  Біржан ағамыз, бізге жаңадан салынған үйден үш бөлмелі пәтер берді. Өзіме ұнады. Аумағы 120 шаршы метр, гараждың өзі 35 шаршы метр. Бес жыл тегін тұрамыз. Сосын  үйді өз атымызға аударып алуға болады, – дейді Алмагүл Ербұланқызы.

Меценат Біржан Шаймерденов өз ауылынан бөлек, басқа аудандардың дамуына да жәрдемін аяған емес. Бүгінде Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында науқас балаларға иппотерапия емін жүргізу үшін жабық ипподромның құрылысы бой көтеріп жатыр. Бұл Бәкең сияқты отаншыл, рухты азаматтардың ғана қолынан келетін іс.

(Жалғасы бар)

Әлібек ЫБЫРАЙ

Қостанай-Петропавл-Қостанай

Суреттерді түсірген – Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу