Сот санкциясымен Перизат Қайраттың мүлкі тәркіленді time.kz

Сот санкциясымен Перизат Қайраттың мүлкі тәркіленді

ҚМА қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеуді жалғастырып жатқанын хабарлайды.

Еске сала кетейік, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінген болатын.

Соттың санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астана қаласындағы “Akbulak Riviera”, “Highvill Ishim Gold”, “Көк Жайлау” (тұрақ орындарын қоса алғанда), “Sensata Plaza” ТК, сондай-ақ “Vela Village” коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік, Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдері тартып алынған.

“Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді. Тәркіленген мүлік заттай дәлелдемелер ретінде танылып, іс материалдарына қосылды. Тәркіленген заттар бойынша сол анықтайтын болады. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. Егер сіз Перизат Қайраттың қаражаттың, жылжымайтын мүліктің және басқа да мүліктің (оның ішінде үшінші тұлғаларға ресімделген) орналасқан жері туралы ақпаратты білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе +7 (7172) 70-84-78, 70-84-79 (қосымша нөмірі: 21384) телефон нөмірі бойынша хабарласуыңызды сұраймыз”, – деп хабарлайды ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.

Жаңалықтармен бөлісу