Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, Қостанай облысының құрметті азаматы, көрнекті қоғам қайраткері Дмитрий Яковлевич Брусник қайтыс болды.
Қайраткердің еңбегі мен Отанына деген адалдығы өңір тарихында өшпес із қалдырды. Ол кәсіподақ қозғалысын дамытуға, маңызды нысандардың бой түзеуіне және жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге зор үлес қосқан тұлға еді.
Қаралы хабарға байланысты Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Instagram желіcіндегі жеке парақшасына көңіл айту жеделхатын жариялады.
“…Дмитрий Яковлевич – өмірін Отан мен халқына қызмет етуге арнаған ұлы тұлға. Ұлы Отан соғысының ардагері, өз заманының лайықты перзенті ретінде ол Қостанай облысының тарихында өшпес із қалдырды. Оның еңбегі мен қайраткерлігі арқасында халыққа әлі күнге дейін қызмет етіп келе жатқан жобалар жүзеге асырылды: «Сосновый бор» шипажайы, Кәсіподақтар үйі, «Турист» қонақүйі, Мәдениет сарайы. Дмитрий Яковлевич шынайы патриотизмнің, еңбекқорлықтың және туған жерінің болашағына деген жанашырлықтың үлгісі болды. Оның есімі аймақтың дамуына қосқан зор үлесімен мәңгі есте қалады. Марқұмның отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Жаны жәннатта болсын”, – делінеді өңір басшысының жазбасында.