Сөз қадірі – өз қадіріміз

Сөз қадірі – өз қадіріміз

Сөзді, сөйлемді қолдан қиындату өзімізге өзіміз тауып алған «бас ауру» сияқты. Шұбалтып жазуға әуес болып барамыз. Ол мағынаны да шашыраңқы жеткізеді. Мәселен, бүгінде іркес-тіркес етістіктер көбейіп кетті. Бұған талғамсыз аудармалар және орыс тілінің ықпалынан шыға алмайтынымыз себеп. Салдарынан қазақша деуге келіңкіремейтін сөйлемдер пайда бола бастады. Осындай қателіктердің бірнешеуін мысалға келтірейік.

 

«Жазатын боламыз». Бұл – орыстың «будем писать» дегенінің тікелей аудармасы. Мұны «жазамыз» деп қысқа қайырсақ, сөйлеміміз әлдеқайда жинақырақ түйінделер еді. Жалпы, қазақ тілінде үш шақ бар екенін бәріміз білеміз. Олар – осы шақ, өткен шақ және келер шақ. Біз мысалға алған етістікті аталған шақтарға шақтап көрейікші. Осы шақта «жазып жатырмыз» немесе «жазу үстіндеміз», өткен шақта «жаздық» немесе «жазғанбыз», ал келер шақта «жазамыз» немесе «жазбақпыз» делінуі керек. Демек, келер шақ тұлғасында «жазатын боламыз» деген етістікті қолданудан арылғанымыз жөн.

 

«Құрайды». «Ауыз сумен қамтылған ауылдар үлесі 97 пайызды құрайды». Бүгінде тілшілер де, басқалар да жаппай осылай айтып, жазып жүр. Бұны да орыстың «составляет … процентов» дегенінен сөзбе-сөз аударып алғанбыз. Бұл «бас құрау» (үйлену), «робот құрау» сияқты тіркестер түрінде келсе, әңгіме басқа болар еді. Ал «құрау» сөзі біз мысалға келтірген сөйлемге келісіп тұрған жоқ. «Ауыз сумен қамтылған ауылдар үлесі – 97 пайыз» дегеніміз дұрыс.

 

«Көргелі бері», «барғалы бері». Көсемшенің түбір етістікке жалғанатын – ғалы, – гелі, – қалы, – келі жұрнақтарынан кейін «бері» сөзін тіркестірудің қажеті жоқ. «Көргелі», «барғалы» сөздері онсыз да тиянақты мағына беріп тұр. Мысалы: «Бұл киноны көргелі көп нәрсеге көзім жетті». Ал егер «көрген» дейтін есімшеленген етістікке шығыс септіктің «-нен» жалғауы жалғанып тұрса, онда «бері» сөзі тіркеседі. Мысалы: «Бұл киноны көргеннен бері көп нәрсеге көзім жетті».

 

«Қабылдау жүргізді». Шұбалаңқы етістіктерді көбейтудің тағы бір тәсілі – тұйық етістіктің «-у» жұрнағына жүгіну. Ықшамдалып қайырылуы керек жерге осы жұрнақты «жапсырып», сөйлемді түйіндеуге басқа етістік іздеп кетеміз. Әрине, бұл жерде орысша мәтінге арбалып қалу «дерті» де бар. Мысалы, «Министр провел прием граждан» деген сөйлемді «министр азаматтарға қабылдау жүргізді» деп аударып жіберетініміз содан. Мұны «Министр азаматтарды қабылдады» дей салудың қандай қиындығы бар? Осы сияқты «таңдау жасады» дейтін сөз де әбден «сәнге» айналды. Орыстардың «сделал выбор» дейтін тіркесінің тәржімасы. Қазақ жай ғана «таңдады» деуші еді…

 

«Бізбен өткізілді». Жиі көзіміз сүрінетін сорақы қателердің көбі орыс тілінен тікелей аудару салдарынан туындайтынын қайталап айтуға мәжбүрміз. Өзіміз қолдан калька жасап жүргеніміз аздай, интернеттегі яндекс, гугл аудармашылар мәселені одан сайын асқындырып жіберді. Мысалы, «нами проведено мероприятие» деген сөйлем болса, оны «бізбен іс-шара өткізілді» деп «қазақшалайтын» болдық. Әсіресе, мекеме-ұйымдардан келетін ақпарат-хабарландыруларда осы тектес қателер өріп жүреді. Оның сол күйінде басылымдарға жарияланып кетіп жатқанын да көзіміз аз шалмады. Негізі, әлгі сөйлем жай ғана «біз іс-шара өткіздік» деп аударылуы керек қой…

 

            Естеріңізге сала кетейік, «ТүзеТілді» айдары Қостанай қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен жарық көріп келеді.

Дайындаған – Жандос Жүсіпбек

Жаңалықтармен бөлісу