Елімізге және алыс-жақын шетелге есімі етене таныс суретші Аңсаған Мұстафа алғаш рет Қостанайға келді. Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде қылқалам шеберінің “Сөйле, сурет!” атты көрмесі ашылды. Бірінен бірі асып түсетін 56 сурет музейдің “Бейнелеу өнері” залына қойылған. Көрменің ресми ашылу салтанатына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов арнайы қатысып, автордың жұмысына сәттілік тілеп, алғыс хат табыстады.
– Бұл суреттерді бұған дейін әлеуметтік желілерде көргендеріңізге сенімдімін. Өйткені, бұл суреттер – әлемді шарлап кеткен суреттер, бұл суреттер – әлеуметті ойландыратын суреттер, бұл суреттер – кез келген адамның санасына сәуле түсіретін суреттер. Сондықтан, қазіргі заманның ең бір түйткелді мәселелерін, өзекті өртейтін дүниелерін қылқаламмен төгілте салып отырған қадірменді қонағымыз, белгілі суретші Аңсаған Мұстафаға ерекше алғысымды білдіремін. Мұндай көрмелер өмірдің күнгейі мен теріскейіне қатар үңіліп, өзімізге керекті сабақ алуға тәрбиелейді деп ойлаймын. Мейманымызға шығармашылық табыс тілеймін. Сіздің көрмеңіз бүгінде әлемді шарлап жүр. Сапарыңыз сәтті болсын. Әлі де бағаланып, елдің алғысына, ықыласына бөленіңіз, – деді Ерлан Қалмақов.
Әлеуметтік желі арқылы көпшілікке танылған суретші Аңсаған Мұстафаның алғашқы көрмесі 2014 жылы Астана, Алматы, Атырау, Талдықорған, Тараз, Теміртау, Қызылорда сынды қалаларында өткен. Кейін оның туындылары шетел асып, әлемді шарлады. Бүгінде Оңтүстік Корея, Италия, Бразилия Панама, Мексика, Украина, Түркия, Иран, Колумбия, Аргентина, Франция, Ұлыбритания елдері қазақ қызының ерекше стильдегі суреттерін тамашалап үлгерді.Тобыл-Торғай төріндегі көрмеге А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ профессоры, өлкетанушы Қалқаман Жақып та келіп, суретшінің жұмысына ағалық ілтипатын білдірді.
– Қазақ деген ұлттың ішкі-сыртқы дүниесін, ащы шындығын, “әттеген-ай” дейтін өкінішін, қоғамды толғандырған алуан түрлі мәселелерді арқау еткен тамаша суреттеріңізді көпшілік назарына ұсынып отырсыз. Бұл суреттер, әсіресе, жас толқынға ой салары анық, – деді профессор Қалқаман Жақып.
Көрме авторы Аңсаған Мұстафа сурет салуды бала кезінен бастаған. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Жоғары оқу орнын графикалық дизайн мамандығы бойынша тәмамдаған. 2016 жылдан бастап ұлттық нақыштағы футболкалар дайындаумен айналысады. Бүгінде оның 1200-ге жуық дизайнерлік, авторлық жұмысы бар. Ол өз туындыларында қазақ халқының тарихи тұлғаларын, салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттайды.
– Құрметті қауым, жиналғандарыңызға көп рахмет! Мені Қостанай өңіріне шақырған досым, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Батырхан Жұмабаевқа алғыс айтамын. Сурет салып жүргеніме көп болды. Он бір жасымнан бастаппын. Алғашқы қадамымды сурет мектебінен бастап, осы салада кәсіби жоғары білім алдым. Бір жағынан журналист әрі суретші болғым келді. Ата-анам да шығармашылыққа жақын адамдар. Әкем – жазушы, анам – журналист. Осындай ортада өсуімнің өзі менің суретші болуыма септігін тигізсе керек, – деді Аңсаған Мұстафа.
Аталмыш көрме бір ай бойы жұмыс істейді. Көзайым боламын десеңіз, мархабат! Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің есігі әрдайым ашық.
Қымбат Досжанова
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков