Силантьев тұрғындары іргесіндегі ұлтарақтай жерге иелік ете алмай отыр

Силантьев тұрғындары іргесіндегі ұлтарақтай жерге иелік ете алмай отыр

Алтынсарин ауданы Силантьев ауылынан Обағанға қарай төрт жүз гектар алап “Олжа Беляевка” ЖШС-нің еншісінде. Шаруашылық ол жерге көктемде екпе шөп салады. Жылда келіп, қылтиған өнімін шауып алады. Маусымның ортасында жұмыстарын аяқтап, жерді тұрғындарға  күзге дейін уақытша қалдырады.

Сонда  жұртшылық малдарын  шабындық шабылғаннан кейін ғана  жаяды. Ал, шабылған жердің жайылған малға пайдасы болмасы анық. Наурыздан бастап, жаздың ортасына дейін ол аумаққа мал түсірген ауылдықтар қомақты айыппұл арқалайды.

“Бұл мәселені осында қоныс аударып келгеннен бері қозғап келеміз. Бірнеше жыл қатарынан ардагерлер жиналысында бұрынғы облыс әкімінің алдына да қойдық. Кейін ауданның жаңа басшысына да айттық. “Келер жылдан бастап береміз” деп жатыр. Есік алдындағы елу метр жерге мал түссе, айыппұл салады. Әбден шаршадық”, – дейді ауыл тұрғыны Нағашыбай Алпысов ақсақал.

Елді мекеннен сол Обағанға дейінгі жалпақ жазық даланы ел игілігіне жарату туралы  уәдені Алтынсарин ауданының  басшысы жазда беріпті.

“Міне, біз осы іргеміздегі  жерді ғана сұрап жүрміз. “Малдарыңызды жая беріңіздер, келер жылдан бастап сіздердікі” деген Арнұр Сартовтың сөзі жадымызда түюлі. Осы берген  уәде орындалмаса,  облыс басшысына барамыз”, – дейді ақсақал.

Бұл мәселенің тез арада шешімін тапқанын жер қатынастары бөлімінің өкілдері де күтіп жүр. “Олжа Беляевка” ЖШС-нің келісімін аламын деген бөлімнің бұрынғы басшысы ана жылдары басқа ауданға қызмет ауыстырып кеткен. Кейін келген басшы Төлеген Мұстафин  сырқаттанып қалыпты.

“Әкімдікпен бірлесіп, “Олжа Беляевка” ЖШС-не хат жолдап жібердік. Жауап әлі келген жоқ. Қыркүйектің аяғынан бері жағдайды бақылауға ала алмай отырмын”, – дейді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Төлеген Мұстафин.

Қазір осы істі бақылауда ұстайтын бөлімнің жетекшілігін Асқар Сейдахметов деген азамат уақытша атқарып жүргенін білдік. Алдына осы сауалды көлденең тарттық.

“Бұл шаруамен әбден таныспын. Ойланып қолға алатын іс. Екі жақты беттестіріп шешуден өзге амал жоқ”, – дейді бөлім басшысының міндетін уақытша атқарып отырған Асқар Сейдахметов.

Мәселенің байыбына бару үшін “Олжа Беляевка” ЖШС-нің жергілікті басшысының да пікірін білдік.  Серіктестіктің директоры Дмитрий  Финцер мырзаның жауабы төмендегідей:

“Бұл мәселені шеше алмаймын, сізге компания басшылығына жүгіну керек. Менің жер учаскелерін басқаруға өкілеттігім жоқ. Сізге ештеңе түсіндіре алмаймын”.

 

Енді халық Алтынсарин ауданы әкімдігінің жер иесімен келісіп, мәселенің шешімін шығаруын күтіп отыр.

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Алтынсарин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу