ШОҚТЫҒЫ  БИІК  ШОЛАҚСАЙ

ШОҚТЫҒЫ  БИІК  ШОЛАҚСАЙ

Қостанай өңірінде Шолақсай ауылын білмейтін адам жоқ. Қырдың үстінде, тас жолға жақын орналасқан еңселі елді мекеннің  тірлігі көз сүйсіндіріп, көңіл қуантады. Бұл ауылды тоқсаныншы жылдардың салқыны  айналып өтті.

Басқа елді мекендерде үйлер қаңырап, бос қалып, қирап жатқанда, Шолақсайдағы нысандардың бір кірпіші де мүжілген жоқ. Ауылды басқа емес, өз тумасы Өмірзақ Ихтиляпов құтқарып қалды. 1994 жылы тұтас ауылды серіктестікке жұмылдырған тәжірибелі басшы алдымен шатқаяқтап тұрған шаруашылықтың еңсесін тіктеді, әлеуметтік нысандардың жұмысын жолға қойды. Бір сөзбен айтқанда, сол бір қиын уақытта қарапайым еңбек адамына қажетті тұрмыстық жағдайдың бәрін жасады. Ол қалаға қарай жөңкілгелі тұрған көштің алдын осылай іріккен еді.

Даласы-дәнге, ауылы-сәнге айналған

Содан бері талай су ақты. Бүгінгі Шолақсайдың  тұрмысы мен тірлігі көпке үлгі. Тіпті, мұнда қолға алынған әрбір шарапатты іс талайға аңыз боп тарады. Өзіңіз қараңыз енді, бүгінде ауылда мыңнан астам адам тұрады. Барлық әлеуметтік нысан тұрақты жұмыс істеп тұр. Аурухана, мәдениет үйі, балабақша,  кафе, музейдің есігі келушілерге айқара ашық. Ауылдың өз диірмені, наубайханасы бар.  Мұның бәрі тұтас ауылды сүттей ұйытып, ауызбірлікке үндеудің нәтижесі екені даусыз.

“Шолақсай” ЖШС 15,5 мың гектарға арпа, бидай егеді. Оның сыртында 500-дей жылқы бағады. Өткен жылы шаруашылық  ангус тұқымды 26  ірі қара, 50 шақты гиссар тұқымдас қой сатып алды. Бұлар етті келеді. Шаруашылық енді егін өсірумен қатар, етті бағыттағы мал шаруашылығын өркендетпек. Егін демекші, қазір көктемгі егіс қызу жүріп жатқан уақыт. Ауылда қарап отырған бір адам жоқ. Бәрі егіс алқабында жүр. Шаруалар күніне 500 гектарға дән себеді. Өткенде бірер күн жаңбыр жауғанда диқандар сәл дағдарып қалды. Дегенмен, егіс межелі уақытта аяқталады дейді “Шолақсай” ЖШС директоры Мәди Ихтиляпов.

Мәселен, Байғали Ысқақов басқаратын бригадада отыз адам еңбек етеді. Бәрі күндіз-түні егіс алқабында. 1 маусымға дейін бұлар науқандық жұмыстарды аяқтамақ. Қарапайым шаруа адамы үшін мұнда  барлық жағдай қарастырылған. Дала қосында жылжымалы бес будка тұр. Бірі асхана, екіншісі монша, қалған үшеуі жатақхана. Арнайы орнатылған күн батериялары жарықпен қамтиды. Тіпті, ұялы телефондарды  да қуаттауға болады. Механизаторлар бес мезгіл тамақтанады. Асханада көкөніс, жеміс-жидек, жылқы еті дейсіз бе- бәрі бар.  Шәй-суы дайын. Жұмысты ерте аяқтағандар жуынып-шайынып, дастархан басына жайғасады.

-Негізі, шаруа баққан адамға лайықты жағдай жасалса, кез келген жұмысты еңсереді. Мен өзім ұзақ жылдан бері ауылшаруашылық саласында еңбек етемін. Мұндайды еш жерден кезіктірген  емеспін. Сондықтан, шаруашылық басшысына алғысымыз алабөтен,-дейді Байғали Ысқақов.

Бір бөлке құны 50 теңге

Жоғарыда серіктестіктің өз диірмені, наубайханасы барын айттық. Енді сол туралы бірер сөз. Ауыл тұрғындары Шолақсайдың өз ұнынан пісірілген нанды жеп отыр. Бағасы көп-көрім арзан. 950 грамдық бір бөлкенің құны небары 50-ақ теңге. Қаладағыдан  үш есе төмен. Жанна Шаймарданова жергілікті наубайханада жиырма жылдан бері жұмыс істейді. Ауылдастарының құрметіне бөленген жан. Оның жапқан  ыстық бөлкелері әп-сәтте сатылып кетеді. Тіпті, Қостанай жақтан келіп алатындар бар дейді ол.

-Пештен жаңа шыққан нан көп тұрмайды. Жұрт ыстық күйінде сатып алады. Күніне жапқан  400 бөлке әп-сәтте өтіп кетеді. Бұл  нанға сұраныстың жоғары екеніне дәлел. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, санаулы бөлке ғана қалды,-дейді наубайхана меңгерушісі.

Халық алғысына бөленген…

“Әке көрген оқ жонар” демей ме, халқымыз, Өмірзақ Бекділдәұлының өмірлік тәжірибесін бойына сіңірген Мәди шаруашылық ісіне ерте араласты. 1999 жылы Қостанай мемлекеттік педогогикалық институтын бітірісімен туған ауылына оралып, бірер жыл мектепте сабақ берді. Содан соң әкесіне жәрдемші болды. Өзі де шаруаға әбден ысылған, тісқақты азамат қой, айналасы аз-ақ жылдың ішінде серіктестіктің  бар жұмысын үйіріп әкетті. Бүгінде “Шолақсай” ЖШС-інде 230 адам тұрақты жұмыс істейді. Мұнда жыл он екі ай бойы жұмыс бір тынбайды. Қыс бойы қолдағы бар техниканы жөндеп-жасқайды, көктемге салым қар тоқтатады, ылғал жабады. Тұқым себу науқаны, әрі қарай шөп шабу, мал бағу сияқты  шаруашылықтың күнделікті күйбең тірлігі күтіп тұрар еді. Соның бәірін үйлестіріп отырған басшы  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ешқашан ұмытқан емес.

-Кез келген шаруашылықтың жұмысы адами капиталға байланысты. Егер ауылда жан баласы тұрақтамаса, іс насырға шабар еді. Сондықтан, ең бірінші еңбек адамына жағдай жасау керек. Сонда ғана ісің оңға басады. Ауылды да көркейтесің, шаруаң да жүреді. Маған ана бір жылдары марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің айтқан сөзі ұнайды. “Егер Қазақстанда іскер бес мың жігіт табылса, бес мың ауылды гүлдендіруге болады”,- деп еді олимпиада чемпионы. Шындығы сол. Осыны неге іске асырмасқа. Небір қолынан іс келетін азаматтар бар, арамызда. Әттең, көбі ауылға егін орағы кезінде ғана келеді. Қалған уақытта қаладан шықпайды.  Ауылға қарайласатын кез жетті. Әркім туған ауылына барып, бір түп ағаш отырғызса да пайдасы тиер еді. Біз осыны басты қағида етіп ұстандық, – дейді “Шолақсай” ЖШС директоры Мәди Ихтиляпов.

Расында, шолақсайлықтардың басшыдан бағы жанды. Ауылдағы әлеуметтік нысандарды барлығы жаңа кейіпке енген. Тозығы жеткен бір нысан жоқ. Қайсыбір жылы шаруашылық мектептің жылу жүйесін дұрыстап, шатырын жаңалап берді. Білім ошағының есік-терезелерін ауыстырып, спорт залын, кабинеттерді заманауи талапқа сай  жөндеп берді. Мәдениет үйінің де шатыры жаңартылды.. 250 орындық нысан халыққа қалтқысыз қызмет етіп тұр. 18 мың кітап қоры бар кітапхана да еңбек адамының жиі бас сұғатын орынына айналған. Серіктестіктің жеке­меншік балабақшасы да бар. Ода күрделі жөндеуден өткен. Бүгінде бөбекжайға 4қырық шақты бала барып жүр. Бұрынғы ескі асхана  бүгінде адам танығысыз өзгерген. Қаладағы нысандардан бір де бір кемдігі жоқ. Ауылдың тойы да, берілетін асы да осында өтеді. Жалдау құны төмен. Шағын аурухана,  жедел жәрдем қызметі дайын. Шаруашылық басшысы 2004 жылы жедел жәрдем көлігін алып берген. Ал өткен жылы  мемлекет жаңа көлік  әперіпті.

Туған жердің тарихынан сыр шерткен

Айтпақшы, Шолақсайдың өз музейі де бар. Нысан осыдан тоғыз жыл бұрын Өмірзақ Бекділдәұлының бастамасымен ашылған.  Мұнда ауыл тарихынан сыр шертетін талай жәдігер бар. Мәселен, байырғы тұрғындардың, еңбек және соғыс ардагерлерінің, фотосуреттері, қуғын-сүргін құрбандарының тізімі, көне жазу мәшинкесі, арифмометр, иінағаш, келі,келсап,  көне қазандар сақталған. Мұражайда тұрған ескі пулеметтің лентасы кезінде Шолақсай, Торғай өңірін кесіп өткен Колчак әскерінен қалған деседі. Көне жәдігер ауыл тұрғыны Жақ­сылық Байбосыновтың бақ­шасынан табылыпты. Мұндағы жәдігерлер қатары әлсін-әлсін толықтырылып отырады.  Музей қызметкері Алтынай Қорғанбекованың айтуынша, мұнда келушілердің қарасы басым. Оқушылар жиі келеді. Ауылға келген қонақтар да музейге бас сұқпай кетпейтін көрінеді. Мұндағы Шолақ­сайдың ескі мектебінің өзі – бір тарих. 400 шаршы метрлік мектеп ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің бас­тамасымен 1903 жылы салынып, 1983 жылы жабылған. Шаруашылық басшысы құлауға шақ қалған ғимарат­ты бұзып тастамай, күрделі жөндеуден өткізіп, сақтап қалған. Бүгінде ауыл тұрғындары намазхана ретінде пайдаланып отыр.

Мәди Өмірзақұлы халыққа қажет ұсақ-түйек дүниелерден бастап, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірнеше жобаны елдің кәдесіне жаратты. Ол туған жердің перзенті, серіктестік директоры ғана емес, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде елдің жүгін арқалап жүрген  азамат. Ауыл көшелерін аралатып жүрген ол өткен жылы үш көшеге асфальт төселгенін,  әр үйге су кіріп тұрғанын айтады. Көше шамдары түнемелік самаладай жарқырап тұрады.  Ерінбеген адам тұрмыстық жағдайын қаладағыдай етіп істеп алған.

Халыққа қызмет – адал міндет!

-Мен осы ауылдың тумасымын. Осында өстік, оқыдық. Енді міне қызмет істеп жүрміз. Ауылымыз көз алдымызда көркейді. Қазір Шолақсайға көшіп келушілердің қатары көбейген. Ал байырғы тұрғындарының бірде – бірі туған жерден ірге ажыратқан жоқ,-дейді  ауыл тұрғыныи Гүлнар Осипова.

Гүлнар ауыл балабақшасының меңгерушісі болып еңбек етеді.  Өзінің ақ адал еңбегінің арқасында халық қалаулысына айналған жан. Аспаз көмекшісінен аудандық мәслихаттың депутаттығына дейін көтерілді. Айтпақшы, Гүлнардың анасы – Зәуре Мәкей қызы да кезінде Науырзым аудандық  Халық кеңесінің депутаты болыпты.  Ол туған жерінің алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналғанын мақтаныш етеді.

“Туған жерге туың тік” деген тәмсіл Мәди Ихтиляповтың ұстанған қағидасы. Ол туған жерге жақсылық жасаудан ешқашан жалықпайтынын айтады. Халыққа бергеннің қайтарымы болатынын  жақсы түсінеді. Шаруашылығы әбден аяққа тұрған. Оны  одан әрі ілгерілету үшін тың технология, жаңа ізденістерге жиі жүгінеді. Ауылдастары да дән риза, келімді-кетімді қонақтары да шат.  Оның ақ адал, маңдай терінің өтеуіндей, кеудесінде “Құрмет” ордені, “Халық алғысы” медалі, “Жомарт жан” төсбелгісі жарқырайды. Басқа да алған марапаттары бір төбе. Мұның бәрі ерен еңбектің жемісі екені даусыз.

Өзге елді мекендерден шоқтығы әлдеқайда биік тұрған Шолақсайдың бүгінгі келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ шығар. Бұл әкелі –  балалы Ихтиляповтардың ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені әмбеге аян.

Әлібек ЫБЫРАЙ.

Жаңалықтармен бөлісу