Енді Қазақстан азаматтығын алғысы келетін шетелдіктер құжаттарын тапсырған кезде жаңа анықтама беруі тиіс, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
“Ашық НҚА” порталында жарияланған Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау мәселелері жөніндегі ішкі істер министрінің бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Түзетулерге сәйкес, “Қазақстан Республикасының азаматтығына оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен қабылдау тәртібі” бұйрығының 5-тарауына мынадай тармақ қосылады: өтінішхатқа (өтінішке) мынадай құжаттар қоса тіркеледі: «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31-ші қаңтардағы №36 қаулысымен бекітілген дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларына сәйкес шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның дактилоскопиядан өткені туралы анықтама».
Сондай-ақ жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын қабылдауға өзгерістер енгізілді. Мәселен, егер шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартуға негіздері болса (құжаттарды бір мезгілде Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан Республикасының азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылдауға берген кезде), азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу туралы өтініші қабылданбауы мүмкін.
Ішкі істер министрінің бұйрығы 23 қаңтарға дейін талқыланатын болады.
Естеріңізге салсақ, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдік азаматтар Қазақстанда дактилоскопиялық тіркеуден өтуге міндетті. Қазақстан азаматтары үшін рәсім ерікті түрде жүзеге асырылады. ІІМ-нің соңғы мәліметтері бойынша, жыл басынан бері 8 мыңға жуық шетелдік пен 7 мыңға жуық қазақстандық саусақ іздерін қалдырған.