Ветеринариялық-санитариялық салада кезек тостырмас түйткілдер, мақсат-міндеттер аз емес. Облыста қауіпті кеселдерге қарсы күресті күшейте түсу қажет. Бірнеше өңірде әлі күнге дейін мал қорымы жоқ. Тұрғындардың тынышын алып біткен иесіз жануарларды уақытша ұстайтын нысандар көптеген ауданда салынуы керек. Ветеринарлық станциялардың қызметтік көліктері жаппай ескірген. Ос және өзге де түйткілдер облыс әкімдігінде өткен жиында жан-жақты қаралды.
Агроөнеркәсіп саласының дамуы өңірдегі эпизоотикалық ахуалдың тұрақтылығымен тікелей байланысты. Ал санитарлық қауіпсіздікпен қамсыздандыру – ветеринария қызметінің негізгі міндеті. Мамандардың сендіруінше, облыс аумағындағы жағдай тұрақты. Бұл ауыл шаруашылығы құрылымдарына мал өсіру, өнім өндіру кәсібін дамыта түсуге мүмкіндік береді.
«Биыл мал ауруларының алдын алу, диагностикалау үшін 9 млн-дай шара жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінде қауіпті кеселдерге қарсы препараттардың жартысына жуығы әкелінді. Жұмыстар қаңтар айынан басталды. Ақпан айында бруцеллезге қарсы амалдарға кірістік. Ал жаппай іс-шаралар наурызда бастау алады», – дейді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Ақат Шектібаев.
Жалпы, облыста ІҚМ бруцеллезі айтарлықтай кеміген. Қауіпті ошақтар да жылдан-жылға азайып барады. Есесіне, мал қорымы мәселесі әлі өзекті тұр.
«Қазір 37 мал қорымы бар. Бұл жеткіліксіз. Өлекселерді жоюға арналған 26 жылжымалы және стационарлық инсинератор қолданылады. 2013-2014 жылдары алынған осы құрылғылардың да әбден тозығы жеткен. Сондықтан, Құмар Іргебайұлы, аудан-қала әкімдеріне жергілікті бюджет есебінен және кәсіпкерлерді демеушілікке тартып, ауылдық округтерде мал қорымдарын салуды міндеттеуіңізді сұраймын», – дейді басқарма басшысы.
Ол бұл тұрғыда Жанкелдин ауданынан үлгі алуға болатынын айтты. Мұнда соңғы екі жылда бес қорым салынған, оларды тағы төрт нысанға көбейту жоспарларында бар екен. Ендігі бір мәселе –ветеринарлық станциялардың қызметтік автокөліктеріне байланысты.
«Көліктер 2013 жылы сатып алынған. Оны жыл ішінде жыл бойы дала жолында жүретін техника ескірді, жиі сынады. 80-90 пайызының тозығы жеткен. Ветстанциялардың басшылығы жыл сайын оларды жөндеуге қыруар қаржы бөліп отыруға мәжбүр. Осы бір өзекті мәселені де назарыңызға алып, биыл жаңа көліктерге қол жеткізуге ықпал жасасаңыз екен», – деп өтініш білдірді А.Шектібаев.
Сондай-ақ, соңғы уақытта елді мекендерде иесіз иттердің қаптап кеткеніне шағым айтушы тұрғындар көбейді. Ит қауып, медицина қызметіне жүгінгендер де аз емес. Қазір осы түйткілді мәселенің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен, қаңғыған үй жануарларын қамауға арналған нысан аудандардың бәрінде жоқ.
«Иесіз жануарларды уақытша ұстайтын пункт болмайынша, оларды бақылауда ұстау, санын білу мүмкін емес. Сондықтан, Алтынсарин, Денисов, Қамысты, Қарабалық, Қостанай, Науырзым және Сарыкөл аудандарының әкімдіктері осындай нысандарды салу жұмыстарын жеделдетуі тиіс», – деді А.Шектібаев.
Биыл иесіз жануарларды аулау, уақытша қамауда ұстау, идентификациялау және піштіруге облыс бюджетінен 86 млн 600 мың теңге бөлініпті. Облыс әкімі басқарма басшысы айтқан барлық ұсыныс бойынша өңір басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ