Шенеуніктер бизнеспен айналыса алады: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Шенеуніктер бизнеспен айналыса алады: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобасы мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген тұлғаларға өз ісін жүргізуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Өзгерістер “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасында қамтылған.

“Осы нормативтік қаулыға сәйкес “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңның 13-бабы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызметке құқығын шектеу бөлігінде Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Яғни, мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдар кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады”, – деді Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

Мұндай тұлғаларға республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептер мен ауруханаларда басқару функцияларын жүзеге асыратындар жатады. Әңгіме бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, мемлекеттік сатып алу бөлімдерінің басшылары мен филиал басшылары туралы болып отыр.

Сонымен қатар, Сарқұловтың айтуынша, тыйымды мына адамдар үшін сақтау ұсынылады:

  •  тұрақты негізде өкілеттіктерді жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері;
  • Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның (“Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ) қызметкерлері;
  • ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардағы менеджерлер (атқарушы органдардың басшылары, олардың орынбасарлары, сатып алу саласындағы басқармалардың басшылары және бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға қатысатын бөлім басшылары).

Жаңалықтармен бөлісу