“Қарасора-2023” жедел алдын алу шарасы кезінде “Қайрақ” автокөлік өткізу бекетінде мемлекеттік шекарадан өту кезінде Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қарабалық аудандық полиция қызметкерлері және Қостанай облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері ресейлік азаматтан есірткі заттарын тәркіледі.
– Ресей шекарасына өтпек болған жолаушыны тексеру кезінде қызметтік-іздестіру иті есірткінің иісін сезді. Ол тергеу кезінде жасырған есірткісі бар екенін өзі мойындады. Есірткі заттары қайда тұрғанын сұрағанда, ол ішіне үш грамм марихуана салынған “Kinder” қорабын тәртіп сақшыларына берді, – деді Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.
Қазіргі уақытта екі бап бойынша – ҚР ҚК 286-бабы (Контрабанда әрекеті) және 296-бабына (Есірткі құралдарын сақтау) сәйкес, сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілу үстінде.
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, “Қарасора” жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 10 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркілеген.