29 Наурыз, 2025
«Шаруашылық» Наурызды нақыштады

«Шаруашылық» Наурызды нақыштады

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін арқалықтықтар да кең көлемде атап өтуде. Халықтың салт-дәстүрін сабақтастырған ұжымдардың бірі – Арқалық қаласы әкімі аппаратының «Шаруашылық» мемлекеттік коммуналдық мекемесі.
Баршаға белгілі Прездент бастамасынан кейін мемлекеттік қызметшілер ұлттық киім киіп жүруді әдетке айналдыра бастады. Енді, міне ұлттық құндылықтарымыз мемлекеттік мекемелердің де табалдырғынан аттады.

Мерекеге орай әкімдік ғимаратында алғаш рет «Наурыз нақыштары» салтанат құрды. Көңілді саз әуені ойнап, сахна құрылды. Дастархан мәзірі әзірленіп, Наурызкөже ұсынылды.

Салтанатты шақта қала әкімі Әмірхан Асанов, қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Елтебаева, «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Түбекбай Әубәкіров, қалалық «Қазынашылық» бөлімінің басшысы Толғанай Сармұханбетовалар құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды игі бастамаларды білек сыбана қолдауға шақырды.

Мемлекет басшысы таяуда Бурабайда өткен Құрылтайда атап көрсеткендей жаңа жылдың өңір тұрғындары үшін жағымды жаңалықтармен басталып жатқанын тілге тиек етті. Елмен елді жалғайтын жол салынады. Аэропорт іске қосылады.

Мұның бәрі ел көптен көкесеген, армандаған іс болатын.

 

«Қазіргідей жаһандану заманында бабаларымыз салып кеткен сара жолдан ауытқымау, ұлт болып ұйысу – біздің қай-қайсымыздың болмасын перзенттік борышымыз. Сол себепті, әріптестеріміздің қолдауының арқасында бүгінгі іс–шарамызды жоғары деңгейде атап өтуге мүмкіндік алып отырмыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып жаңа жылда жаңа табыстарға жете берейік. Бұндай өміршең дәстүрлер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – «Шаруашылық» мекемесінің басшысы Асхат Аманжолұлы.

Әсерлі шақта әкімдік ғимаратын бір уақ әсем ән де кернеп, Қыдыр ата батасын берді.

Көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған Наурыз мейрамы осылайша ел ішін кеулеп жүр.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу