Павлодар қаласында Senat Open шахмат турнирінің жартылай финал кезеңі өтті. Еліміздегі мәслихаттардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық турнир алғаш рет Парламент Сенатының бастамасымен қолға алынған-ды. Алғашқыда іріктеу жарыстары әр облыс орталығында өткізілді.
Одан оза шапқан жиырма бес адам аймақтық жартылай финалға жолдама алды. Кереку жерінде өткен шахмат жарысына облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Есжанов бастаған Қостанай өңірінің әуесқой шаршы тақта шеберлері де қатысып, бақ сынады. Жалпы, Senat Open шахмат фестивалі “Солтүстік”, “Оңтүстік”, “Шығыс”, “Батыс”, “Орталық” болып, бес топқа бөлінді. Теріскейдегі Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай тәрізді төрт облыс шахматшыларының басын қосқан турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Әуесқой шахматшылардың арасында мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері бар. Солардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың экс-депутаты Сайран Бұқановты ерекше атап өткен жөн.
Сәкең кезінде облыстық қоғамдық кеңестің де тізгінін ұстаған азамат. Облыстық іріктеу жарысында топтан озып, тұғырға көтерілгендердің бірі осы Сәкең.
“Сәуір айында әр облыста іріктеу жарыстары өтті. Сонда Меңдіқара ауданының атынан шипажай директоры Тамара Асауло екеуміз шыққан едік. Шахмат жарысына қатысқандардың дені орта жастан асқандар. Олардың ішінде мен сияқты бұрынғы депутаттар бар. Бұл жолы да біздің облыс делегациясының ішіндегі ең жасы үлкені де мен болдым. Бала жастан машықтанған дүние ғой, әлі ойнаймын. Бұл интелектуалды ойын. Миды дамытады. Біздің облыстың құрамындағы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, Қостанай қалалық мәслихатының экс-депутаты Хамит Орынбаев және облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ещановтар да шахматты өте шебер ойнайды. Олар да финалға жолдама алды. Тіпті, Хамит орынбаев жүз адамның ішінен төртінші орын иелендің. Бұл да әжептәуір жетістік. Қысқасы, қолдан келгенше Қостанайдың намысын таптатқызғанымыз жоқ”, – дейді Сайран Балкенұлы.
Айтпақшы, осы Павлодарда өткен жартылай финал үстінде Сәкеңе үлкен құрмет көсетілді. Өйткені, Сайран ағамыз Қазақстаның Еңбек Ері атағын алғандардың ішінде шахмат турниріне қатысқан жалғыз адам.
Одан бөлек, Сәкеңнің абырой-беделі баяғыдан-ақ облыстан тысқары жерлерге жақсы мәлім. Ұтқыр ұйымдастырушы, білікті басшы. Жұрттың бәрі Сайран Балкенұлын маңайынан үйірсектеп шықпауы содан. Бұл егде тартса да елдік істерден қалмай, ағайынның арасында ауызбірліктің сақталуына ұйытқы боп жүрген азаматқа жасалған құрмет.
“Сен оны айтасың, мен өзім облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ерғазыұлына риза болдым. Ол өте ұйымдастырғыш азамат. Әуелде Қостанайда өткен жарыста да лауазымына қарамай жүгіріп жүрді. Кереку жерінде де өзі бас-көз болып, барлығын қадағалап, ұйымдастырды. Тіпті, облыстық мәслихат төрғаларының арасында шахмат ойнаған да жалғыз Сайлаубек Ещанов. Сосын ҚР шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенконың да ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болдым. Ол Қостанайда өткен жарысқа да келген. Кеше Павлодарда да турнирдің басынан-аяқ жүріп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне көп жәрдемдесті”, – дейді қоғам қайраткері.
Жартылай финал ойындарында жүлделі орын алған және айрықша көзге түскен жиырма бес адам 31-тамызда Астана қаласында өтетін финалдық ойындарға қатысады. Олардың арасында Сайлаубек Есщанов, Сайран Бұқанов, Батырбек Ахметов, Хамит Орынбаев және басқалапры бар. Бір атап өтерлігі, жиырма бес жолдаманың онын біздің облыстың шахматшылары жеңіп алған. Қалған үш облыстың өкілдері он бес жолдаманы өзара бөліскен. Бұл да көп жайтты аңғартса керек.
Жалпы, бұл турнирді ұйымдастыруға қазіргі жастардың арасында шахмет ойынына қызығушылықтың азайып кеткені түрткі болған. Мақсат сол, көнеден келе жатқан бекзат өнерді өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау. тіпті, болашақта шахмат мектеп бағдарламасына да енгізілуі бек-мүмкін.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттер С.Бұқановтың мұрағатынан алынды