23 мая, 2025
Шаңырақтың шамшырағы. 101 жастағы кейуана жайлы сыр

Шаңырақтың шамшырағы. 101 жастағы кейуана жайлы сыр

Мақалама арқау болып отырған кейіпкеріміз – Күнжамал Егізбаева шөбереден шөпшек сүйіп, бүгінде 101 жасқа толып, шөпшектің қолынан май жалаған, бақытты әже. Анамыз бұл бақытты күндерге жету жолында қаншама қиындықтарды бастан өткерді десеңізші. Ол өмірінің әр кезеңінде елге, ұрпағына адал қызмет еткен асыл жан.

Қазақтың «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» деген қанатты сөзі дәл осы Күнжамал әжедей аналарға арналған десек артық айтқандық емес. Он бір құрсақ көтеріп, әр баласына мейірім мен махаббат сыйлаған, ұрпағының амандығын тілеп, адалдық пен еңбекті үлгі еткен анамыз бүгінде үлкен әулеттің береке-бірлігін ұйыстырып отырған киелі шаңырақтың шамшырағы.

Бала күнінен еңбекке ерте араласып, қиын-қыстау кезеңдердің ащы дәмін татқанымен, ешқашан мойымаған қайсар мінезімен, сабыры мен парасатымен көпке үлгі болды. Кеңестік дәуірдің ауыртпалығын көрсе де, соғыс жылдарындағы жоқшылық пен қиындыққа қарамастан, отбасын аман сақтап, ұрпақ өсіріп, елге адал қызмет етті.

Оның балалық шағы мен жастық кезеңі оңай болған жоқ. Елімізді жайлаған ашаршылық жылдары, одан кейінгі сұрапыл Ұлы Отан соғысы бұл отбасына да тағдыр тауқыметін аямай тартқызды. Тар заманда ел басына күн туған шақта қазақтың қаракөз қыздары мен аналары да қайыспай, белді бекем буды. Майданда қан, тылда тер төгіліп жатқан кезеңде әйелдер қауымы ұлттың тірегі, елдің үмітіне айналды.

Күнжамал әже де жастайынан еңбекке араласып, қара жұмыстың қазанында қайнады. Таң атпай тұрып, кеш батқанша тыным таппай, күннің ыстығына да, жауын-шашынына да мойымай еңбек етті. Ол заманда ауыр техниканы басқару – ер-азаматтың ісі саналғанымен, Күнжамал апамыз трактор тізгіндеп, еңбек майданының алғы шебінде жүрді. Сонымен қатар, сауыншылық қызметті де абыроймен атқарды.

Адам баласының ұзақ өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Алайда, 101 жастың орны мүлдем ерекше екені сөзсіз. Бір ғасырлық ғұмыр кешіп, әулеттің бәйтерегі, иесі мен киесі болу – екінің бірінің маңдайына бұйырмаған бақыт. Тағдырдың тауқыметін жастайынан көріп өскен бойжеткен небәрі 15 жасында тұрмыс құрған. Күнжамал әже – Меңдіқара ауданына қарасты Шилі ауылында туып-өскен. Сол ауылда еңбекпен ерте есейіп, есті келін атанған. Бірінші жолдасы Сейілхан Жақсылықов 1941 жылы майданға аттанып, сол кеткеннен оралмаған. Жылдар бойы сарғая күткеніне қарамастан, одан ешқандай хабар-ошар болмаған. Тағдырдың сол бір жұмбақ үнсіздігі – әженің жүрегінде мәңгілік жара болып қалғаны анық.

«Сол кез әлі көз алдымда… Он бес жасымда тұрмыс құрдым. Жолдасым Сейілхан 1941 жылы соғысқа кетті де, содан қайтып келмеді. Үмітпен жылдар бойы күттім. Жүрегімнің түбінде бір күні келетіндей сенім болды. Екінші рет тұрмыс құруға іштей қарсы болдым. Мүмкін тірі шығар, қайтып келер деген үмітім үзілмеді», – деп ауыр күрсінеді абыз ана.

Сейілханнан Балдырған атты ұлы дүниеге келіп, сол ұрпақ бүгінде өсіп-өніп отыр. Уақыт өте келе Күнжамал ананың ата-енесі:

«Бағыңды байлама, алдыңа жарық жол ашылсын»

деп аналық мейіріммен ақ батасын, екінші рет тұрмыс құруына рұқсат берген.

«Соғыстан кейін ата-енем ақ батасын берді. Сол кезде мен қазіргі кейінгі жолдасым Мұқаналы Егізбаевқа тұрмысқа шықтым», – деп еске алады әжеміз.

Күндіз колхоздың тірлігі, түнде үйдің шаруасы – бәрі де Күнжамал ананың мойнында болды. Таңнан қара кешке дейін алқапта жүріп, кешкісін үйге келіп, ұршық иіріп, жүн түтіп, киім тоқып, балаларына киім-кешек дайындайтын. От басының жылуы мен бала тәрбиесі – бәрі ананың алақанында еді. Көп балалы ана әр перзентін мәпелеп өсіріп, бар ауыртпалықты жүрекпен көтеріп, ешқашан тағдырына өкпелеген емес.

Ол сұрапыл соғыс жылдарын еске алғанда, жанарынан мұң ұшқыны байқалады.

 «Е-е, қарағым-ай, сол жылдардағы қиындықты айтып тауыса алмаспын. Түнімен жылап ұйықтаған, таңмен бірге еңбекке шыққан күндеріміз болды. Қар мен жаңбырға қарамай, аш-жалаңаш жұмыс істедік. Майданға деп барлық тапқан-таянғанымызды жіберетінбіз. Қолымыздан келгенше көмектестік. Жұмыстан қашу деген ойымызда да болған жоқ», – дейді жүрегі ел деп соққан қария.

Трактор айдау үшін арнайы оқуға барған ананың сол кездегі қажыр-қайраты әлі де ел есінде.

«Трактордың оқуын оқу үшін ауылдан бірнеше шақырым жерге жаяу баратынбыз. Қайтарда шаршап-шалдығып, қараңғыда жететін едік. Бірақ ешқашан ренжімедік. Себебі елге еңбек ету – ең үлкен парыз деп білдік», – деп еске алады әже.

Әжеміз 11 құрсақ көтерген кісі. Қазір қалғаны төрт қызы. Кейбірі кішкентайында шетінеді, ұлдары ер жеткенде қайтты. Осының бәрі ана жүрегіне оңай болсын ба?!

 «Шүкір ғой, немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырмын. Балаларым аялап, алақандарына салып бағып отыр. Бұл – мен үшін Алланың берген үлкен сыйы», – деп ризашылықпен сөзге араласады Күнжамал әже.

Бүгінде жасы 101-ге келсе де, көкірегі ояу, ойы сергек, өткенін айқын есінде сақтап отыр.

 «Соғыс басталған күн есімде. Мен ол кезде 16 жаста едім. Ауыл іші абыр-сабыр болып кетті. Аттанып бара жатқандардың артынан еңіреп жылаған аналар мен ақ жаулықты әжелердің бейнесі көз алдымнан кетпейді. Содан бастап еркек атаулы майданға кетіп, бүкіл ауыртпалық әйелдердің иығына түсті. Сол күннен бастап біз де есейіп, ерте ауыр еңбекке араластық», – дейді әже ауыр күрсініп.

«Әже, көп жасаудың сыры неде?» – деп сұрағанымызда, әже жымиып қойып, байыппен жауап берді:

«Бата көп алдым. Кісіні сыйладым. Ешкімнің бетіне қарсы келіп көрмеппін. Енем өте дана кісі еді. Бие сауатын. Мен жұмыстан шаршап келгенде, шөлдеп қалар деп, маған бір тостақ сүтін тығып қоятын. Сол кезден бастап ағарғанды көп іштім – сүт, айран, қымыз. Бойымызға қуат берген де сол шығар. Ал бір Алланың жазуы мен пешенеге жазғаны – бәрінен жоғары», – дейді абыз ана жүрек түкпіріндегі сырын жайып.

«Анам бұрын ұлымен бірге тұрды. Кейін бауырым қайтыс болған соң, өзім қолыма алдым. Мен де зейнеткермін, балаларым бар. Қолымнан келгенше анамның күтімін жасап, бар жағдайын жасап отырмын, – дейді қызы Бақытжамал апай көңілі босай түсіп. – Анам негізі 11 құрсақ көтеріпті. Қазір солардың жетеуі ғана аман-сау. Үшеуі ерте қайтты. Қазір төртеуміз – қыздар ғана қалдық. Інімпен анам 43 жыл бірге тұрды. Келінім де, інім де анама ешқашан қабақ шытқан емес. Шүкір деймін. Бірақ тағдырдың жазуы солай болды, інім дүниеден өтті. Содан кейін анамды қасыма алдым». Соғыс кезінде қандай қиындық көргенін кейде еске алып, айтып отырады. Аштық жылдарын да бастан өткерді. Өмір жолы оңай болмады. Бірақ ешқашан адамдық қасиетін жоғалтқан емес. Кішіпейілділік пен сабырлық – анамның басты қасиеті. Тек соңғы кезде ғана сәл шаршап қалды. Ал оған дейін тың жүретін. Ауырса да, сыр білдірмейтін», – дейді қызы анасының ақ жаулығын жөндеп.

Әжеміз жүзден асса да, бүгінде өзі жүріп-тұрады, тіпті кітапты да көзілдірік киместен оқи береді екен.

«Кейде мен сабақтай алмай жатқан ине-жіпті апам көз ілмей отырып сабақтап беретіні бар», – дейді қызы күліп. – Әкем Мұқаналы Егізбаев тыл ардагері еді. Ол кісі де қарапайым, еңбекқор жан болды. Екеуі шаңырақты бірге көтеріп, адал ғұмыр кешті», – деп еске алады Бақытжамал апай.

Күнжамал әженің өмірі – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Оның тағдыры қазақ әйелінің қиындыққа мойымай, тағдырмен күресе жүріп, ұрпағына үлгі болған ана бейнесі. Осындай аналардың арқасында ел аман, ұрпақ тәрбиелі.

         Айтолқын АЙҚАДАМОВА

   Суреттерді түсірген Жансая СӘБИТБЕК