Халықтың сұранысы қашанда бірінші кезекте. Әсіресе, шалғайдағы тұрғындарды ауылдағы байланыс жүйесі алаңдатады. Облыс басшылығы бұл кедергілердің шешімді жолдарын заманауи тұрғыда қарастырып жатыр. Осы жайлы облыс әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Қашиевтен білген едік.
– Азамат Совхозбайұлы, қазіргі қоғамда заманауи технологияның күннен-күнге өзгеріп жатқанын білеміз. Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен техникалық серпіліс ұлттық жобасы облыста қалай жүзеге асып жатыр? Осы төңіректе әңгімемізді бастасақ.
– Жалпы облыста 370 IT-компания жұмыс істейді, оның 47 пайызы бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысады, 18 пайызы жүйеге техникалық қызмет көрсету қызметін көрсетеді, 10 пайызы веб-порталдар мен мобильді
қосымшаларды әзірлейді. Өткен жылы ІТ-кәсіпорындардың қызметінен түскен салық түсімдері 1,2 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда қырық пайызға жоғары. ІТ-ұйымдарының негізгі капиталға инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден астамды құрады. IT саласында 3 мыңға жуық адам жұмыс істейді, былтыр үш жүзге жуық жұмыс орны құрылды. Осы шамада ұлттық жобаның жоспары жасақталды. Осы жылы екі жүзден астам адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Ұлттық жобаның негізгі бағыттарының бірі – IT мамандарын даярлау, оның ішінде мектеп жылдарында кәсіптік бағдар беру. Осыған байланысты облыста тұңғыш халықаралық бағдарламалау мектебін аштық. Бұл мектеп оқушылар мен мектеп жасындағы балаларға арнап жабдықталған. Биыл Қостанайда оқушылар сарайы (Smart Center) ашылады. Ол балалардың ІТ-біліктілігін дамытуға үлкен серпін бермек. Қазір біз ICRIAP және Samsung Electronics компанияларымен балалар мен студенттерге арналған заманауи IT мектебін ашу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Осыған орай облыстың 4 жоғары оқу орны мен 12 колледжінде оқыту курстары жүргізілуде. 2023 жылы IT мамандықтары бойынша түлектердің саны бес жүзден асады. Оның жүзден астамы ұлттық жобаның жоспарына тиесілі. Осы жылы ICRIAP-пен бірлесіп, осы сайтта IT-хаб, яғни AstanaHub халықаралық технопаркінің толыққанды филиалын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл IT-хаб бизнестің, ғылымның және қоғамның барлық күш-жігері мен мүдделерін біріктіретін болады. Өндірісті цифрландыру, технологиялар трансферті және стартаптарды коммерциялық жүйеге көшіруге ықпал етеді.
– Осы жобалармен қоса, алыс елді мекендерде мобильді байланыстың оңалуына жарқын жол ашып отыр екенсіздер. Осы жайлы тағы да айтып өтсеңіз.
– Қазіргі уақытта жоғары сапалы мобильді және кең жолақты интернетсіз елді мекендерде цифрлық инфрақұрылымды құру мүмкіндігі жоқ. Бүгінгі таңда облыстағы жүз елуден астам ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Облыс басшысының тапсырмасымен оңтүстік өңірлердегі ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында радиорелелік байланыс желісін салуға жеке инвесторды тарту мәселесі пысықталды. Ол Астана қаласындағы «ККНет» ЖШС. Былтыр Жанкелдин ауданының сегіз торабы кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілсе, биыл ондай жұмыстар Жанкелдин, Аманкелді аудандарындағы тоғыз торапқа жүргізілетін болады. Оған бөлінген инвестиция көлемі 75 млн теңгені құрайды. Осы жылдың 1 тоқсанында «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» геостационарлық емес спутниктік жүйелер технологиясын пайдалана отырып, 4 ауылға (Милісай, Бидайық, Түйемойнақ және Қарынсалды) кең жолақты қатынауды қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Арқалық қаласының әкімдігі 3 ауылға антенна құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуде, ол кейіннен жоғары сапалы 7 мобильді интернетпен қамтуға арналған жоба аясында қарастырылмақ. Өткен жылы Ақпараттандыру басқармасы байланыс операторларымен бірлесе отырып, 200-ге жуық SNP-ді 4G ұялы байланысымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жүргізді, оның ішінде 28 базалық станцияның құрылысы салынды. Дегенмен, облыстың едәуір бөлігінде мобильді интернеттің сапасы нашар. Осыған байланысты облыс әкімдігі «Қолжетімді Интернет» пилоттық Ұлттық жобасына қосу үшін байланысқа қолжетімділікте проблемалары бар 172 тізім жасалды. Шешімін табу жолдары қарастырылуда. Жаңа Ұлттық жоба аясында 2023-2026 жылдар аралығында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің 2-ші кезеңін іске қосу жоспарлануда. 2023 жылы біз Кар-Телмен (Beeline) 23 елді мекенде 26 4G базалық станциясын жаңғырту және салу мәселесін пысықтадық. «Мобайл-Телеком Сервис» ЖШС операторымен (Tele2/Altel) Қостанай қаласында 14 4G стандартты стансасын салуға келісім-шарт жасалған.
– Осы жұмыстардың айналасындағы коммуналдық қызметтердің қоғамдық қауіпсіздігіне тоқтала кетсеңіз.
– Цифрландыру арқылы өңірдің өзекті мәселелерін тиімді шешу үшін біздің басқарма коммуналдық секторға және қоғамдық қауіпсіздікке баса назар аудара отырып, 2023-2024 жылдарға арналған міндеттерін дайындауда. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын одан әрі іске асыру үшін «Бірыңғай байланыс орталығы 109» өңірлік қызметін құру ұсынылады. Бұл жобаны Ikomek 8 өңірде біріктіру арқылы іске асырғалы отыр. Ол үшін облыстың коммуналдық мәселелерін шешуге жаңа цифрлық жоба қажет. Бұл жүйе «E-autinish» деректер базасымен біріктірілетін болады. Осы себепті, жылу желілерін, моноқалалардың ЖЭО-ларын және сумен жабдықтау кәсіпорындарының желілерін цифрландыру үшін осы платформада «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың цифрлық мониторингі орталығын» құруды ұсынып отырмыз. Қазіргі уақытта Рудный қаласында пилоттық жоба жүргізіп жатырмыз. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Елді мекенді абаттандырудың цифрлық төлқұжаты» платформасы енгізілмек, жақын арада төлқұжат тұжырымдамасын ұсынатын боламыз.
– Облыстың коммуналдық қызметтерінің цифрлық порталын жүзеге асыруға сеп болады дейсіз ғой…
– Иә, дәл солай. Қазір облыстың коммуналдық кәсіпорындарының барлық қызметтері цифрландырылмаған және қағаз түрінде көрсетілуде. Онлайн форматта қызметтерді көрсету бойынша фронт-офистердің жұмысы туралы нормативтік құқықтық актілер жоқ. Тұрғындар мен кәсіпорындар нысандарға техникалық шарттарды алу кезінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне үнемі шағымданады. Оның алдын алу үшін коммуналдық қызметтердің цифрлық порталын құрып, облыстағы барлық коммуналдық қызметтерді біріктіру ұсынылып отыр. Бұл сегментте біз коммуналдық қызметтердің барлық фронт-офистерін түсіріп, барлық бизнес-процестерді цифрландырамыз.
– Қазіргі таңда қауіпсіздікті арттыру аясында Бірыңғай интеллектуалды бейнебақылау жүйесін әмбебап бағдарламалық қамтамасыз ету жұмыстары іске асып жатқанын көріп жатырмыз. Осы жайында не айтасыз?
– Полиция департаментінің мәліметінше, қаладағы барлық бейнекамералар департаменттің ОСК-на әкелінбеген, ОСК-ның қолданыстағы жабдықтары ішінара ескірген. Соңғы жөндеу жұмыстары 2014 жылы жүргізілді. Биыл Қостанай қаласында сергек жобасы аясында бейнебақылау жүйесіне негізделген 1000 камера сатып алу жоспарлануда. Жобаның әкімшісі ақпараттандыру бөлімі. Жобада «Орталық жылу орталығын жаңғырту және заманауи серверлік бөлмелер мен жабдықтар орнатуды қарастырдық.
Бұл ретте қалалар мен аудандарда бейнебақылау камераларын орнатуға кешенді тәсілдің жоқтығы басты мәселе болып отыр. Өңірлер жыл сайын әртүрлі маркадағы және жүйелердегі камераларды сатып алады. Осыған байланысты біз 2024 жылы Қостанайда Бірыңғай зияткерлік бейнебақылау жүйесін одан әрі кезең-кезеңімен басқа өңірлерде кеңейту арқылы енгізуді ұсынып отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!