Шағын шаһар тірлігімен шырайлы Суретте Лисаков қаласының әкімі А.Ибраев

Шағын шаһар тірлігімен шырайлы

Лисаков қаласының бес айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Жыл басынан бері өнеркәсіп саласында 35,9 млрд теңгеге өнім өндірілді. КББ бойынша боксит өндіру көлемі 19,9%-ға өсіп, 2 млн тоннаны құрады. «Өркен» ЖШС Лисаков филиалы бойынша темір кені концентратының өндірісі 2 есеге өсіп, 402,7 мың тоннаға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 7,4 млрд теңге.

2024 жылғы қаңтар-мамырда құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 2,4 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының НКИ-124,9%. Шағын кәсіпкерлік саласында бөлшек сауда көлемі осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 5,5 млрд теңгеге жеткен, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 10,2%-ға артты.

 Қалада «Солнечный» супермаркеті салынады. Сауда үйі 150 жұмыс орнымен қамтитын болады. «Солнечный» супермаркетінің құны шамамен 1 млрд теңге болады. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 4 мың шаршы метр. Биыл пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта нысанда әрлеу мен ішкі коммуникация құрылысы жүргізілуде.

Инвестиция тарту және өнеркәсіп өнімінің құрылымын әртараптандыру мақсатында Лисаков қаласында жалпы құны 1,4 млрд теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылуда, шамамен 176 жұмыс орны құрылады.

Бірінші шағын ауданында құрылысының құны 430 млн теңге, 26 жұмыс орны құрылған «Алақай» спорттық-ойын-сауық саябағы ашылды. Кешеннің бірінші кезеңі (батут орталығы, кафетерий) өткен жылдың басында, ал екінші кезеңі желтоқсан айында пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта нысанның ішкі жөндеу жұмыстары жалғасуда (аквапарк-тұз шахтасы, массаж және душ кабиналары).

– Бұдан бөлек, жалпы сомасы 38,3 млрд теңгенің жобасын іске асыру бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. «Бобровский Кварцит» ЖШС-мен бірлесіп, қуаты жылына 34 мың тонна кремний карбидін өндіретін зауыт ашу жұмыстары жүргізілуде. Онда 230 жұмыс орны құрылады деп күтіліп отыр. Жобаның жалпы құны 34,1 млрд теңге, – дейді Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев.

Бүгінгі таңда қала аумағында «Qazaqstan ElectroMineral Kompani» ЖШС кәсіпорны тіркелген. Жоба кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік Картасына енгізіліп, жер учаскесі бөлінген. Жоба бойынша кесте құрылды. Бүгінгі күні жобалық-құндық құжаттамасы әзірленуде. Нысан 2027 жылы пайдалануға берілмек.

Мырыш оксиді мен мырыш құю қорытпаларын өндіретін зауыт салу да ірі жобалар қатарында. «Оксид Қазақстан» ЖШС осы жоба аясында шамамен 110 жұмыс орнын құру жоспарланған. Болжалды құны 4,2 млрд теңге. Кәсіпорынның су, газбен жабдықтау және электр қуатына қосылуға техникалық шарттары жасалды. Қазір жобалау-құндық құжаттаманы әзірлеу үшін жобалаушы анықталды.

 Шағын қалада «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде – ірі үш жоба жүзеге асырылмақ.  Кәсіпкерлік субъектілерін дамытуды ынталандыру мақсатында Лисаков қаласында ірі жобалар іске асырылуда. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде 12 млн теңге сомасына 3 жоба мақұлданды, 6,1 млн теңге сомасындағы 1 жобаға кепілдік берілді. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 217 млн теңгеге 10 әлеуетті қатысушы бар.

Қаланы абаттандыру жұмыстары да ойдағыдай жүзге асырылуда. Биыл жағажайды қайта реконструкциялауға (нысандар салу (кафе, сауда нүктесі), қоршау, көше дәретханасын, волейбол алаңын, төсеніштер мен ағаш траптардан жасалған тротуарды, автотұрақты, қолданыстағы шатырлар мен шезлондарды жөндеуге 61,6 млн теңге бөлінді. Екінші шағын ауданы, он сегіз және бесінші шағын ауданы, 16 үй мекенжайы бойынша тұрғын үйлердің шатырларына күрделі жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстарына 69,5 млн теңге бөлініп, толық игерілді.

26,1 млн теңге сомасында 3 жеделсатыны ауыстыру жұмыстары аяқталды. Ол екі жылдық шарт бойынша: 2023 жылы – 6 млн теңге, 2024 жылы – 26,1 млн теңге. Сондай-ақ, осы жылы үшінші шағын ауданның бірінші үйі, бесінші шағын аудан мекенжайындағы тағы 3 лифті ауыстыру бойынша жұмыстар басталады.

– Жаяу жолдар төсеу жұмыстары жалғасуда, оған 36 млн теңге бөлінді. Жоспарланған жұмыс көлемі 2,5 мың шаршы метр (Верхнетобольская, Строительная көшесінен Верхнетобольская көшесі бойындағы аялдамаларға дейін, Парковая көшесі 11 ш/а, Труд көшесі бойында коттедждерге қарай). Октябрь кенті де назардан тыс қалмайды, мектептен Абай көшесіне дейін 16,7 млн теңге сомасында тротуар төсеу жұмыстары аяқталды, оның көлемі 662 шаршы метрді құрады, – деді Лисаков қаласының әкімі.

Сондай-ақ, Целинная көшесі бойынша жаяу жол төсеу жұмыстары басталады, жалпы сомасы 20,8 млн теңге. Жалпы көлемі 1115 шаршы метрді құрайды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Лисаков қаласы

Жаңалықтармен бөлісу