Қостанай облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің негізгі бөлігі көтерме және бөлшек саудаға тиесілі, шамамен 40 пайызға жуық. Бизнестің бұл бағытын дамытуға мемлекеттік қолдау іс-шаралары ықпал етеді.
Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1561 бизнес-жоба 15,2 млрд теңгелік қаржылай қолдауға ие болған.
“Қолдауға ие жобалардың жалпы санының жартысынан жуығы әйелдер еске асырып отыр. Ал, олардың ең сұранысқа ие салалары ауыл шаруашылығы, сауда және көлік қызметтері”, – деді Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қонқабаев.
Айта кетерлігі, шағын және орта бизнесті тексеруді шектеу іс-шарасы өңір бизнесінің дамуына айтарлықтай әсер еткен. 2019 жылмен салысытрғанда ШОБ субъектілеріне қатысты тексерулердің жалпы саны 84,2% қысқарған. Яғни, 2020 – 10819 тексеру жүргізілсе, 2024 жылғы 1 қаңтар – 1 708 ғана тексеру болған.
Басқарма басшысы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аяқталатынын жеткізді. Оның орнына Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық экономика министрлігі “Бизнестік жол картасы” және “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламаларын әзірлеген.
“Бұл бағдарламалар арқылы кредиттер бойынша субсидиялау және кепілдік беру, жаңа бизнес-идеяларды гранттық қаржыландыру, инфрақұрылымды жүргізу бағытындағы жобалар қолдау табады. Бағдарлама ақпан айында іске қосылады”, – деді Н.Қонқабаев.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов кешенді бағдарлама шеңберінде бизнесті мемлекеттік қолдау шараларынан басқа, бизнесті дамытуға ықпал ететін тағы бірнеше тетіктер бар екенін атап өтті.
“Екінші жыл қатарынан “Ауыл аманаты” бағдарламасы жұмыс істеуде. Өткен жылы бағдарламаны қаржыландыру 1,6 миллиард теңгені құрады (279 кредит берілді). Биыл бұл бағдарламаға 3,8 миллиард теңге қарастырылған, бұл өткен жылдан 2,4 есе көп. 580-ге жуық кредит беру және 600-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті. Бүкіл облыста ауылдық жерлердегі азаматтар кірістерді көбейтіп, өз өндірістерін аша алатын көптеген жағымды мысалдар бар. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен несие берілді. 900 миллион теңге бөлінді, барлық қаражат игерілді, өткен жылдың қорытындысы бойынша барлығы 200-ге жуық кредит берілді. Ағымдағы жылы осы бағдарламаға 940 миллион теңге бағыттап, 200-ге жуық кредит беру жоспарлануда”, – деді Қ.Ақсақалов.
Қостанай облысында 68 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оларда 167 мың адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, ШОБ субъектілерінен түсетін салық түсімдері 33,9%-ға өсіп, 161,2 млрд теңге жеткен.
Сералы МЫРЗАБАЙ