Шағын аудандағы үлкен думан

Шағын аудандағы үлкен думан

Қостанай қаласындағы шағын аудан тұрғындары Наурыз мейрамын жақсы көңіл күймен тойлауда. Наурызнама онкүндігі аясында облыс орталығында әр күнге арналған іс-шаралар легі жалғасып жатыр.

Бүгін “Қонай”, “Әуежай” және КСК аудандарында “Жаңа күн – Наурыз бастауы” мерекелік концерт өтуде. Қала әкімі Марат Жүндібаев тұрғындарды мейрамымен құттықтау үшін “Қонай” ауданында болды.

Бүгінгі таңда “Қонай” шағын ауданында 20 бес қабатты тұрғын үй салынды. Оның 15-іне тұрғындар қоныстанған. Тағы 5 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары тұр.

“Шағын аудан жыл санап қарқынды дамып келеді. Аумақта абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Балалар және спорттық алаңдар бар. Үлкен көлік тұрағы салынды. Өткен жылы қосымша қоғамдық көлік іске қосылды. Биыл балабақша мен мектеп құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, 600 орындық тағы бір жайлы мектеп, 280 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, полиция пункті салынады. Дәріханалар мен супермаркеттер де бой көтеретін болады. Наурыз мейрамы баршаңызға құтты болсын. Қаламыздың дамуына баршамыз атсалыса берейік”, – деді Марат Жүндібаев.

Шағын ауданда қос киіз үй тігілген, Қазақстан халқы ассамблеясы мерекелік көңіл-күй  сыйлап, концерт ұйымдастырып жатыр.

Жаңа ауданда өтіп жатқан мерекеге ескі Қонай ауылынан да тұрғындар келген.

“Жыл сайын Наурыз мерекесін атап өтеміз. Осы жолы ауқымы кең болды. Қонақтар дәм татсын деп арнайы дастархан жайдық. Спорттық жарыстар өтіп жатыр. Тұрғындар дән риза. Ауданымыз жаман емес, дамып жатыр. Тұрғын саны да уақыт өткен сайын артып келді. Ендігі тілегіміз мектеп құрылысы жедел аяқталса екен дейміз”, – дейді тұрғын Данияр Көшенов.

Сандуғаш Айтбаева ескі Қонай ауылының тұрғыны. Ол мерекеге орай арнайы 20 литр наурыз көже әзірлеп әкеліпті.

“Ұлттық тағамымызды жыл сайын әзірлеймін. Келін болып түскенде енем үйреткен. Сол қалыптаң жаңылмай жасап келеміз. Соғымнан қалған сүрді сақтап, басқа да тағамдарды қосып әзірледім. Қала әкімі дәм татты. Тұрғындар да ішіп жатыр. Баршасына ұнағанына ризамын”, – дейді тұрғын.

Ал, Маржан Баймағанбет үлкен қара қазанға палау әзірлеп жатыр екен. Қонайға көшіп келгеніне екі жыл.

“Мүлік иелері білестіктері бірігіп тағам әзірлеп жатырмыз. Екі қазанда 20 келіге жуық палау әзірленіп, тұрғындарға таратылатын болады. Жыл сайын кең ауқымда атап өтеміз. Тұрғындардың дені жастар болғандықтан, осы жылы жаңа үрдіспен өткеріп жатырмыз”, – дейді Маржан Баймағанбет.

Спорттық жарыстар ұйымдастырылып, тұрғындар да өз өнерлерін ортаға салуда.

Мерекеге жиылғандарға Наурыз жайлы қойылып, викториналық сұрақтар қойлып, дұрыс тапқандарына сый-сияпат үлестірілуде.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу