Адами тәлім-тәрбие, өмірлік ұлағаты мол дәріс берген «ұстаз» атты асыл тұлғаларды кішкентайымнан көріп және біліп, жадыма түйіп өскеннен бе, өз басым тәрбиеші, мұғалім болуды армандағаным бар. Оған итермелеген мінезі салиқалы, дүниеден ұстаздық етіп өткен анамның да қадірлі болмысы болар. Қазіргі таңда осының барлығын саралай отырып ой-електен өткізіп артыма бір қарасам, білім атты ұшы-қиыры жоқ мұхитта «мұғалім» деген теңдеуі жоқ кәсіптің иегері болып жүзіп келе жатқаныма 25 жылдың жүзі болыпты. Яғни, мектеп қабырғасындағы еңбек өтілім осыншама екен. Қай ұстаздың болмасын басты арманы меніңше ортақ болар. Ол, туып өскен елге, Отанға – қоғамға пайдасын тигізіп, оның гүлденіп-дамуына өз үлесін қосар саналы да, білімді ұрпақ тәрбиелеу және оның оң нәтижесін, жемісін көру. 11 жыл алдыңнан сапалы білім алып, үлкен өмірден құрметті орнын тауып, үйлі-баранды болып, заманға сай бәсекеге қабілетті кәсіп иесі болып – еңбек етіп жүрген шәкірттеріңді көру деген, ұстаз үшін үлкен ғанибет екені рас. Мен өз басымды сондай мұғалім ретінде көремін және бақыттымын. Себебі, алғаш мектеп табалдырығын аттаған шәкірттерімнің алды қазіргі таңда шаңырақ құрған, әр салада еңбек етіп жүрген ата-аналар. Еткен еңбектің еш кетпей жемісін көру деген осы дер едім. Өйткені осы күні оқушыларымның бірі тәртіп сақшысы болса, енді бірі жеке кәсіпкер, ұстаз, ендігісі кен байыту және техника саласында, солай кете береді.
Менің еңбегім – шәкірттерімнің жетістігі. Ал, шәкірттерімнің жетістігі – менің жетістігім деп білемін. Әр оқу жылы оқушылардың сабаққа деген құштарлығын, белсендігін, қызығушылығын көрсету мақсатында түрлі олимпиадаларға, сайыстарға, ғылыми жобалар жұмысына қатыстырамын. Осы шәкірттердің арасынан жеңімпаздар да аз емес. Олар: Хамит Әдия – «Абай оқулары» сайысының жеңімпазы, Аяпбергенова Хорлан – ғылыми жобалар сайысының жеңімпазы, Проскурина Полина – «Жарқын болашақ» сайысының жеңімпазы, Скочко Богдан – «Алғыр», «Ақбота» сайысының жеңімпазы; Резепина Анастасия, Носенко Анастасия, Хоменко Вероника – «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» олимпиадасының, ал Масаков Арлан, Келаманова Ақжарқын – Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130-жыл толуына орай марафонның жеңімпаздары. Балалар өз жетістіктерін көріп, қазақ тілін үйренуге, мемлекеттік тілін білуге талпынады.
Өзім Арқалық қаласында орта мектепті тәмамдағаннан соң, сол шаһардағы педагогикалық училищеде білім алдым. Алғашқы еңбек жолым сол қаладағы білім ордасынан басталды. Мақсат-мүддем осылайша құрылды. Кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қос- танай өңірлік университетін «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша оқып тәмамдап шықтым. Қазіргі таңда Лисаков қаласы әкімдігінің білім бөлімінің «Мектеп-гимназия» КММ-де қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасап жатқан жайым бар. Бір қуана айтарым, заман ағымымен кәсіби білімді жетілдіру Қазақстанда өте жақсы жолға қойылған. Білімді жетілдіру бағытындағы семинарлар, конференциялар мен оқыту курстары – оқушылармен жұмыс істеуде үлкен септігін тигізетіні рас. Жаңа Қазақстандағы қазіргі оқу-білім бағдарламасы ұстаздардан заманауи біліктілікті, қажырлылық пен талмас іздемпаздықты талап ететіні жасырын емес. Әр ағартушы маман осы талаптарды орындап қана елдің жарқын болашағын қалыптастыра алады. Өркениетті ел қатарынан орын алып, болашағын зор ету ұстаздардың атқарар маңызды рөлі екені айдан анық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақстанды Отаным деп санайтын ұлт патриоттарын, ұлттық болмысты сақтап, ұлттық құндылықтарды дамытып, ұлттық намысты қорғағысы келетін азаматтарды тәрбиелеп өсіруге күш салу керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстанды құрып және орнатып, еш күмәні жоқ жарқын болашаққа бірге қол жеткізе аларымыз хақ. Көздегенім сол, шәкірттерімнің қалаулы болғаны.
Айгүл АХМЕТОВА,
Лисаков қаласы әкімдігінің білім бөлімі,
«Мектеп-гимназия» МКК қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Лисаков қаласы