Ұлттық спорт күніне арналған жарыста ат үстінде садақ атудан қостанайлық Жаннұр Әбиболла бірінші орынға ие болды.
Жаннұр Берікқызы орта есеппен 120 метр қашықтықты 12 секундта жүріп өтіп, жалпы үш кезең қортындысымен 17 ұпайды еншіледі.
Жаннұр жарысқа аттанар алдында:
“Дәл қазір бойымда қобалжу болғанымен, өзіме және атыма нық сенімдімін. Көп уақыт болмаса да жақсы нәтиже көрсетіп жатырмыз. Осы спорт түріне келгелі атқа деген сенімділікке үйрендім. Бапкеріміз дәлдікке, ат үстінде тепе-теңдікке баулыды”, – деген еді.
Айтса айтқандай, жеңімпаз шабандоздың атының шабысы садақты сауырдан суырып, жамбыны иіле көздеуіне сәйкес келіп жатты. Қалғанының аты оқ суырғанша нысана тұсынан зу етіп өте шығады. Нәтижесінде қиғаштап жамбыны көздей алмай, ұпайдан қағылғандары қаншама. Жаннұрды өкшелеген Нұрайлым Ораздың аты анаған қарағанда жылдамырақ.
Тәжірибенің арқасында белгіленген қашықтықты орта есеппен он секундта жүріп өтіп, жалпы үш кезеңде он төрт ұпай алды. Себебі, Нұрайлымның көпшілік алдына шығып, мұндай жарысқа қатысуы алғаш рет емес.
“Ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі жамбы ату республикада тоғыз жыл бұрын қайта жаңғырды. Біз өткен жылы ғана бастап, Эмира Абдрахманова, Нұрайлым Ораз үшеуіміз Көкшетаудағы жарысқа қатысып келдік. Содан бері осы үш қызды дайындадым. Бірнеше дайындық турнирлері өтті. Қалыптасу үрдісі ұзақ уақытты талап етеді. Көріп тұрсыздар аттардың жылдамдығы қатты. Сол атпен шабандоз бірге жұмыс істеуі керек. Қыздар үйреніп алғанша ат баяу шапқаны дұрыс. Бірақ бұл жерде уақыт та ұпайға саналады. 120 метрді бағындыру он алты секундтан ұзақ болып кетсе, ұпайы шегеріледі. Қыздар сол жылдамдыққа үйренбеген. Дәлдеп атуға үлгермейді. Сол себепті, дайындықты әлі де көбейтеміз”, – дейді садақ атудан құрама бапкері Айсара Оразқызы.
Алайда биыл талап күшейіп, ереже өзгерген. Көптеген облыстар жарыстарға жақсы дайындықпен барып, орташа жылдамдықпен он-он бір секундттық көрсеткішті тіркеді. Сол деңгей ескеріліп, биылғы ереже бойынша 16 секундтан 12 секундқа қысқартылды.
Жарысты ұйымдастырушылар турнирді өткен жылғы ережемен есептегенін айта кетейік.
Дегенмен, Нұрайлымның бойында сенімділікпен гөрі қобалжу басымырақ болғаны көрініп тұрды.
“Мұндай жарыс өзімізде алғаш рет өтіп отыр. Сол себепті қатты қобалжып тұрмын. Ат үстінде садақ атып қана қоймай, баптауымен де айналысу керектігін түсініп жатырмыз. Осы жылы ұлттық спортқа ниет білдірген қыздардың саны да артты”, – дейді Нұрайлым.
Атының бабы келіспей, белгіленген нысаннан жылдам өткенімен, қиғаштап ұпай алып жатқаны көрермендерді тамсандырды.
Үздік үштікке іліккен Эмира Абдрахманованың аты өзгелерден жүйрік көрінді. Ат үстіндегі шабандоз оқ суырғанша, барлық нысана алыстап кетеді. Сөйтіп, көздеген қашықтығын 9-10 секундта жүріп өткен қыз жарыстың үшінші кезеңінде үш ұпай алды. Үстіне жылдамдығы ескеріліп, тағы үш ұпай қосылды. Бұл Эмираның үшінші орын алуына көмектесті.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков