Президент Қасым-Жомарт Тоқаев демократиялық қағидаттарға негізделген Әділетті Қазақстанды құру іргелі міндет болып саналатын жүйелі қайта құру мен түбегейлі саяси және экономикалық реформалар процесін іске қосты.
2022 жылғы 8 қарашада Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ақсақалдар кеңесі» қызметін жолға қоюды, олардың жұмысын жүйелеуді, оған жаңа серпін беруді, мәртебесі мен ықпалын арттыру жөнінде іс-шаралар қабылдауды тапсырған еді.
Мемлекет басшысы: «Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан, оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек. Бәлкім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болар еді. Олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру қажет. Бұдан еш ұтылмаймыз», – деп атап өтті.
Осы тапсырмаға сәйкес, ҚХА «Ақсақалдар кеңесінің» қызметі Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда ұрпақтар сабақтастығы мен байланысын қамтамасыз етуге, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын ұлғайтуға, ел дамуының жаңа кезеңіндегі саяси реформалардың маңызын, мұраттары мен құндылықтарын іске асыруға және түсіндіруге бағытталуға тиіс. Біз осы арнадағы оң тәжірибені, қоғамдық дағдылар мен іскерлікті келесі ұрпаққа беруге күш салып келеміз. Бұл ретте жоспарланатын іс-шаралар дәстүрлі, рухани, отбасылық құндылықтарды, құқықтық сананы, мәдениетті тәрбиелеу мен қалыптастыру процесіне тартылған әртүрлі нысаналы топтарды қамтылуда.
Негізгі міндет – ресми отырыстардың дәстүрлі форматынан бас тарту және Ақсақалдар кеңесі жұмысының күн тәртібін халықпен тікелей өзара іс-қимылдың қолданбалы шараларымен толықтыру. Міне, осы орайда, жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде Қостанай облысында Қазақстан халықы Ассамблеясы жанынан ақсақалдар кеңесі құрылып, бұл топқа облысымыздың белді ақсақалдары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдерінен құралған топ белсенді қызмет жасауда. Сондықтан біздерге жүктелген жауапкершілік мол.
Батырбек АХМЕТОВ,
Қостанай облысы ҚХА
Ақсақалдар кеңесінің мүшесі,
Мемлекеттік қызмет ардагері