Арқалықта қала әкімінің бекітуімен жауапты тұлғалар ықшам аудандардың тазалығын қадағалайды.
Оның сыртында әрбір көп қабатты тұрғын үйге бекітілген жауапты адамдар бар. Соның арқасында қалада тазалық жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды.
«Президентіміз жариялаған «Таза Қазақстан!» науқаны биыл жақсы өтіп жатыр. Көктем басталғалы өңір-өңірлерде, қалаларда тазалық мәселесі қолға алынып, еліміз жаппай үлес қосуда. Біз де бүгінгі демалысты пайдаланып әр адам, әр тұрғын өзінің ауласына сенбілікке шығып, үйлерінің маңайына тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұрынғы уақытқа қарағанда «Таза Қазақстанның» нәтижесі көрініп тұр. Бұл бастама әрбір қазақстандықтың жүрегіне жету керек. Өйткені тазалық өзімізге керек. Қала – ортақ үйіміз. Сондықтан оны таза ұстау баршамыздың міндетіміз», – дейді «АМАNАТ» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет.
Кезекті сенбілікке қалалық кәсіпкерлік бөлімі, қосымша білім беру орталығы, «Жасұлан» жасөспірімдер орталығы, Б.Майлин атындағы №3 жалпы білім беретін мектептері белсенділікпен үлес қосты.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы