Сенаторлардың жастармен кездесуі өтті

Сенаторлардың жастармен кездесуі өтті

ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесі қостанайлық белсенді жастармен кездесу өткізді. Кездесуде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу” атты ХХХІІІ сессиясында қаралған мәселелер талқыланды. Іс-шара “Жастар сарайында” облыстық мәслихат депутаттары және жастардың қатысуымен өтті.

“2019 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында сенаторлар кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бұл органға ҚР Сенаты жанындағы қызметін жалғастырып жатқан белсенді бұрынғы сенаторлар кіреді. Кеңес мүшелері-бұл әртүрлі салаларда бай тәжірибесі мен терең білімі бар мемлекеттік және қоғамдық қызметтің барлық сатыларынан өткен адамдар”, – дейді Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова.

Сондай-ақ, кездесуге Қуаныш Сұлтанов, Гүлжан Қарағұсова, Сәрсенбай Еркегенов, Сергей Громов, Өмірзақ Өзғанбаев, Еділ Мамытбеков, сондай-ақ экс-сенаторлар Серік Бектұрғанов, Хусаин Валиев, Сергей Жалыбин және Жеңіс Нұрғалиев қатысты.

Мемлекет басшысы өзінің баяндамаларында жастар тәрбиесі, ел болашағы мәселелеріне ерекше мән береді. Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Өзғанбаев бүгінгі ұрпақ нашақорлық, лудомания, қоғамдағы болып жатқан жәбірлеушіліктен, ысырапшылықтан аулақ болу керектігін айтады.

“Біздің халқымыздың 50 пайыздан астамын жастар құрайды. Жастар тәрбиесі қай заманда болсын ұлы адамдардың бәрі көтерген мәселе. Адам егде жасқа жеткенде “мен бұл өмірден өтетінім анық, ал менің орныма кім келеді? келген адам мен жасаған жұмысты қалай жасайды?”- деп көп ойлана бастайды. Сол себептен де біз болашақ жастардың қолында деп көп айтамыз”, – дейді ол.

Сенаторлар сөз сөйлегеннен кейін облыстық мәслихат депутаттары, жастар қозғалысының белсенділері өз сұрақтарын қойды.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу