Анар Жақыпбаева мен Назгүл Ыбыраева – сегіз жылдан бері қыз ұзатып жүрген құрбылар. Олардың бұл істі қолға алуына да осы салт-дәстүрдің бұрмаланып, жөнімен өтпейтіні себепші болыпты.
«Мен, негізі, тарих пәнінің мұғалімімін. Құрбым да мұғалім. Екеуміз тәлімгер болып жұмыс істеп жүргенде жиналыста таныстық. Сол таныстығымыз достыққа ұласты. Біз ол кезде университті енді ғана бітірген, жас қыздар едік. Өнерге, әдемілікке, ұлттық заттарға жанымыз жақын. Қолымыздан келгенше әр шаңырақта өтіп жатқан қуаныш тойды ретімен, салатанатты түрде өткізуді жаңғыртып жүрміз десек те болады», – дейді Анар ханым.
Анар мен Назгүл осы 8 жылдың ішінде бір Қостанай ғана емес, Ресей, Астана, Рудныйға да барады екен. Тіптен алдын ала жазылып қойғандардың кезегі екі-үш айға жетеді.
«Жаз айларында бір күнде екі қызды ұзататын кездеріміз болады. Көпшілік бізді «Көзайым» тобы деп атап кеткен. Қыздарды ғана емес, мерейтой, тұсау кесер сынды рәсімдерді де атқарып береміз. Әр тойдың өзінің ертеден келе жатқан салты бар. Соны біз зерттеп, орнымен атқарамыз. Зейнеп Ахметова апамыздың кітабын оқып, жан-жақты ақпарат жинақтаймыз. Әр тойға арнайы дайындаламыз», – дейді олар.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА