Саясат Нұрбек: “Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар”

Саясат Нұрбек: “Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар”

Күні кеше еліміздегі грант иегерлернің есімі белгілі болды. Ата-аналар мен балалардың қуанышты көз жасын да, өкінішін де көрдік. ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасында грант ала алмаған талапкерлердің әлі де мүмкіндіктері бар екенін жазды.

“Соңғы уақытта елімізде орын алған су тасқыны бүкіл елге ортақ сынақ болды. Осы жағдайға байланысты, біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық”, – деді Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі жазбасында.

Биылғы конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 11 мыңға көп, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болды.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алған. Грант алғандардың тек 1130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланған. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі кеңейтілді және конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілген.

“Жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам адам грант ала алмады, оның ішінде 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандықтар бойынша екенін айту қажет. Мысалы, дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау бойынша 1 орынға 11 адам, сән және дизайн бойынша 9 адам, ал стоматологияға 1 орынға 35 адамнан келді. Айтайын дегенім, үміт үзбеңіздер! Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар! Құрметті түлек, қадірлі ата-ана біздің мақсатымыз – ел экономикасына қажетті кадрлар дайындау. Грант алу мүмкіндіктеріңіз қайталап жазам әлі де бар”, – деп жазды министр.

3 мыңға дейін талапкер гранттан бас тартуы мүмкін, олар келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі. Жергілікті атқарушы органдардың яғни әкімдік гранттары қарастырылған. Оған KazEnergy қауымдастығының гранттарын қосыңыз. Х.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-де білім алу үшін Түркия Республикасының 500 гранты бар. Мұнымен қоса, жұмыс берушілердің гранттарын да айта кетуіміз керек. Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант ұсынады. Қазақстан халқына қоры 850 грант бөледі. Ректорладың гранты, мысалы Тұран-Астана университеті Алтын белгі иегерлеріне гранттар дайындаған.

 

Жаңалықтармен бөлісу