Сарыкөлдіктер Республика күнін атап өтті 

Сарыкөлдіктер Республика күнін атап өтті 

 Республика күні орталық алаңда  Мемлекеттік туды көтеру және жаппай әнұранды шырқау рәсімін орындаудан басталды.

Аудандық мәдениет үйінің кіреберісінде орталық кітапхананың дайындаған «Менің Қазақстаным!» аты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оған шығармашылық үйінің қолөнер бұйымдары да қойылды.

Мерекелік бағдарламада театрландырылған шағын көрініс қойылды.

Талай тағдыр тауқыметіне ұшырап, қаншама қиын бұралаң жолдардан өткен қазақ халқының кешегі тархиынан сыр шертілді. Ұлы тұлғаларымыз – Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Жұбан Молдағалиев және желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтердің рөлдері сомдалды.

Жиналғандарды аудан әкімі Амантай Балғарин ұлттық мерекемізбен құттықтап, еңбек озаттарына облыс әкімі мен өз атынан мерекелік марапаттарды табыстады. Ауданның дамуына өз үлестерін қосып жүрген белсенді серіктестік пен шаруа қожалықтарының басшыларын «Жыл меценаты» номинациясымен марапаттады.

Мерекелік концертте «Бабалар рухына тағызым» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Бұл ән қазақ халқының тарихында өз ізін қалдырған атақты сарыкөлдік батырларға арналған. Сөзі аудандық кітапхананың директоры, танымал ақын Еркебұлан Кәрімұлынікі, әні сазгер Ақан Алпысовтікі. Жаңа әнді аудандық мәдениет үйінің «Нұр» тобы нақышына келтіре орындап шықты.

 

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу