Сарыкөлдік әжелер сынға түсті

Сарыкөлдік әжелер сынға түсті

Сарыкөл ауданында Халықаралық қарттар күніне орай  «Ал, қанекей, Әжелер!» атты аудандық байқау өтті.

Байқауға ауданның әр ауылынан келген он әже қатысты. Олар ережеге сай,  үш кезең бойынша өнерлерін көрсетіп, түрлі сындардан өтті. Мәселен, үміткерлер үйден жасаған ұлттық тағам, тоқыма және тігін шеберліктерін әкеліп, көрме ұйымдастырды. Содан соң киелі сахна төріне шығып, ата-дәстүрмен өздерін таныстырып, ұмыт бола бастаған дәстүрлерді сахналап, өз өнерлерін көрсетті.

«Ежелден келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бүгінгі ұрпаққа жеткізуде біздің қарттарымыздың орны ерекше екендігін жақсы білеміз. Соның ішінде асыл әжелеріміз қазақы дәстүрлерді берік ұстанып, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде. Бүгінгі жарыста өз өнерлерін ортаға салып, түрлі кезеңдер бойынша сайысқа түскен ақ жаулықты әжелеріміз жақсы өнер көрсетті деп есептеймін», – деп ізгі лебізін білдірді Қазылар алқасының төрағасы Серік Ғайсенов.

Жарыста бірінші орынды жеңіп алған жас ұрпаққа үйретері мол, Лесной ауылына үлгі болып жүрген Гүлбаршын Макеева бесікке салу дәстүрін көрсетіп, бесік жырын айтты. Ал, екінші орынды еншілеген қараобалық әже Гүлқашима Абугарисова болса, немересін ортаға алып шығып, тәрбиелік мәні бар асық ойнау тәсілін үйретті. Сонымен қатар, үшінші орындарға ие болған барвиндік Дина Берденова «Анасы бар адамдар қартаймайды» деп жырласа, Комсомол ауылынан келген Наталья Каверина да ешкімнен кем түспей нақышына келтіре қазақша ән шырқады.

Жалпы, жүлдегерлер мен қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан мадақтама қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ең бастысы, әжелеріміз жарысқа қатысып, жүлдегер атанып қана қоймай, дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтады.

Руслан Оразбайұлы

Сарыкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу