Бұл туралы Сарыкөл ауданының әкімі Амантай Балғарин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте баяндады.
Амантай Кәкімбекұлының айтуынша, пайдаланылмаған немесе мақсатсыз берілген жерлерді қайтару жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.
–Бүгінде жалпы ауданы 5,1 мың гектар болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 15 жер учаскесі қайтарылды. Елді мекендер маңындағы алып қойылған жер учаскелері халықтың мүддесі үшін жайылымдық жерлерді ұлғайту үшін беріледі, – деді әкім баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, ол журналистердің Урожайный (Чехов) ауылының жабылатыны жайында сұраған өзекті сауалына жауап берді.
–Осының алдында біз Урожайный ауылының жергілікті тұрғындарымен осы мәселе жайында кездесу өткіздік. Мәселе ауылды жабу туралы емес, талдау мен мониторингте тұр, – деп атап өтті Амантай Балғарин.
Сонымен қатар, аудан әкімі тұрғындарға халық санының теріс динамикасы байқалатынын түсіндіргенін тілге тиек етті. Жалпы ауылдық округ пен ауыл болу үшін сол жерде кемінде 500 тұрғынның болуы туралы ереже бар екенін еске салғанын айтты.
–Мен қосымша шаралар қабылдау үшін бізде халықтың көп кетуі бар екенін ескерттім. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жолдарды күтіп ұстау, сумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Алдағы уақытта ауылдарды дамыту мақсатында адамдарды көшіріп әкеліп, оларды жұмысқа орналастырып, жаңа жұмыс орындарын ашатын боламыз, – деді әкім.
Жалпы, әкім ауданның барлық 26 елдімекенінде жайылымдық жерлер тапшылығы байқалғанын атап өтті.
–Сарыкөл кентінің өзінде де 1874 гектар жайылымдық жер жетіспейді. Ал, Веселыйподолда – 735 гектар, Комсомолда — 2500 гектар және Большие-Дубравы ауылында – 2900 гектар. Біз жерлерді түгендеу бағытында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Айталық, Чехов ауылы бойынша «Елсан-Агро» ЖШС халыққа жайылым үшін 388 гектар жер берді. Большие-Дубравы ауылында «АГРОКОМТРЕЙД» ЖШС ел игілігіне 736 гектар жер берді, – деп өз сөзін түйіндеді аудан әкімі.
Брифинг соңында Амантай Балғарин бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Арман Әбеновтің бақылауында екенін айтып, орман шаруашылығы және табиғи ресурстар басқармасының басшыларымен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы