Сарыкөлде белгілі кітапханашыға бюст ашылды

Сарыкөлде белгілі кітапханашыға бюст ашылды

 Республика күні мен кітапханашылардың кәсіби мерекесі қарсаңында  елімізде кітапхана ісін қалыптастырушылардың бірі, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Еңбек сіңірген кітапханашысы, жерлесіміз Назира Қожахметқызы Дәулетоваға арналған бюст ашылды.  Оның рәсімін аудан әкімі Амантай Балғарин мен осы игі іске үлес қосқан кәсіпкер Ерторы Дәндібаев жасады.

Бюстті белгілі мүсінші Ербосын Бағыбаев екі аптада гипстен жасап шыққан. Биіктігі жобамен 80 см, ені 50 см, салмағы 90 келіден асады. Ал, идея авторы – кітапхана директоры Еркебұлан Кәрімұлы.

Аудан әкімі Амантай Балғарин сөз алып, білімге ұмтылған оқырманның табылар жері – кітапхана екенін, жаңа технология заманында да, кітап адамның ой-өрісіне ықпал жасап, рухани азығы болып қала беретініне тоқталды. Кітапханашылардың еңбектеріне шығармашылық табыс тілеп, бюсттің идея авторы мен мүсіншіге және оған демеушілік жасаған кәсіпкерлерге алғысын айтты.

Амантай Кәкімбекұлы ұжымға алғыс хат табыстап, бюстін орнатуға қолдау көрсеткен жанашыр азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында шаруа қожалық басшылары Баймырза Сатаев пен Григол Капанадзе және  ұлттық спорт жанашыры Ерторы Дәндібаевтар болды.

Нәзира Дәулетованың туысы Сүйіндік Шаймерденов пен кітапхананың бұрынғы директоры Солдат Дүтпаевтар сөз алып, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Өз атынан кітапхана директорына естелік сыйлығын тарту етті.

– Қазақтың белгілі кітапханашысы Нәзира Дәулетова менің атамның туған бөлесі. Сол кісі біздің үйге қонаққа  келгенде маған мұғалім бол деп батасын берген еді. Сол батасы қабыл болып, мұғалім болдым. Бүгінгідей игі іс жасап, тарихи тұлғаны еске алып жатқан баршаңызға алғысымды айтамын, – дейді Сүйіндік Харесұлы.

Айта кетейік, Назира Қожахметқызы Қазақстанда кітапхана ісінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан жандардың бірі. Оның есімімен тек біздің аудан ғана емес, сондай-ақ, облыс және бүкіл Қазақстан мақтана алады.

Назира Қожахметқызы Дәулетова 1926 жылы 20 наурызда  Сарыкөл ауданы Сұлу-ағаш ауылы Чехов атындағы астық совхозында дүниеге келген. Ол 50 жылдан астам уақыт мәдениет саласында еңбек етті, оның 40 жылын еліміздің бас кітапханасына арнады. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ширек ғасыр бойы директорлық қызметте болды.

 

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу