Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ғибратты сөз бар. Бұл тәмсілдің астары қыз-келіншектердің ер-азаматтармен қатар ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізетінін аңғартады.
Тобыл-Торғай өңірінде, міне, осындай қайсар, жан-жақты, алғыр, кәсібіне берілген, білімді де білікті әйелдер көп. Олардың қатарында – ұзақ жыл мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек атқарған Сарра Ақтаева бар. Жітіқаралық нәзік жан он жылдан астам аудандық ішкі саясат бөлімін басқарған. Қазір құрметті демалыста. Кейіпкеріміз білікті басшы, өз ісінің білгір маманы. Біз білмейтін тағы бір қыры бар – жаз шықса, жеміс-жидек егіп, көкөніс баптағанды жаны қалайды. Спортпен де шұғылданады.
Ұзақ жылғы еңбектің жемісі
– Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шықтым. Бұл саланың қыр-сырын игердім десем де болады. Жалпы, қазір мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап жоғары, тәртіп пен жауапкершілік – басты орында. Сондықтан адал еңбек етуге тырыстым. Менің осы саладағы барлық жетістігім үшін отбасыма алғысым шексіз. Менің барлық байлығым – отбасым.
Әрине, бәрі керемет, ешқандай өзгеріссіз жоспар жасау мүмкін емес, кейде аяқасты төтенше жағдай немесе шұғыл бұйрықтар кездеседі. Ең алдымен сіз өзіңіздің негізгі жұмысыңызға сүйенуіңіз керек. Өз басым бәрін жүйелегенді, талдағанды, жинақылықты ұнатамын, жұмыс болған соң, шұғыл шешім шығаруға тура келетін шаруалар да болады, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Бақытын тапқан жан
Сарра Жиқанқызы педагогикалық училищені бітіріп келіп, туған ауылында дене шынықтыру пәнінен сабақ берді.
Ата-анасының қолында тұрды. Жазғы каникулда жақын-жуықтың, балалардың барлығы жиналған кезде үй лагерьге айналып кетеді. Мамыражай демалыс күндері жидек теру үшін орманға әпкелерімен, жиендерімен жиі шығатын. Ол үшін күні бұрын қыздармен кіммен және қайда баратындарын келісіп қояды екен. Жидекке шығатын күні таңғы мезгілде ата-аналарын оятып алмай, қос аяқты мотоциклді үйден алысырақ апарып, оны қыздырып мініп алады. Бір сөзбен айтқанда, өжет қыз демалыс күндері барлығы тынығып жатқанда, орманнан шелек толы жидек көтеріп келеді екен. Қолға алған шаруаны ұйымдастыруға және жоспарлауға бейімділік осы кезден қалыптасты. Ата-анаға қолқабыс ету, өзінен кейінгілердің үй тапсырмасына көмектесу қадағалау – үйдегі үлкендердің міндеті еді.
Сарра Жиқанқызының жастық шағы көршілес Ресейде өтті. Ата-бабалары Меңдіқараның Ақсуат елінен екен. Әпкесін іздеп Жітіқараға келуі өмір жолын түбегейлі өзгертті.
– Тағдырды қараңызшы, менің әпкем Жітіқарада жұмыс істейтін. 1985 жылы алғаш рет келдім. Әлі есімде, Қамыстыдан кешке жеттік. Кейін болашақ жұбайымды жолықтырдым. Отбасылы болдық. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Жітіқарада еңбек жолымды бастадым. Екі жылдан кейін Кеңес Одағы ыдырады. Біз ауылда тұрдық, мен мұғалім болып жұмыс істедім. Қиын кездерді бастан өткердік. Бірақ бізді ата-аналарымыз қолдады. Жалақы уақытылы бермеген уақыттарда аудан орталығына көшіп, сауда-саттық жасадым, – дейді Сарра Жиқанқызы.
Ата-анасы, апасы мен ағасы Ресейде тұрды. Пошта байланысы үзілген, бірақ телефон арқылы хабар алысып тұрды.
Тарихшы мамандығы бар кейіпкерімізді де іргелес елдер арасындағы байланыстың үзілуі алаңдатты. Қазақстан мен Ресейдің тарихы бір-бірімен тығыз байланысты, қалай болады деп үрейленгені рас. Бірақ, бәрі орнына келді. Кейін ел еңсесін көтерді.
Кәсіпкерліктен – мемлекеттік қызметке
Кейіпкеріміз кәсіпкерлікті мемлекеттік қызметке ауыстырды. Бұл 2000 жылдардың басы еді. Мемлекеттік саясатқа көзқарастың түбегейлі өзгергенін айтады.
– Мен үшін өмір бір жақты өтіп бара жатқандай сезілді. Бірақ көптеген жандармен аралас-құралас болдым. Кәсіпкерлерді құрметтеймін, өйткені олардың көпшілігі өз мәселелерін өздері шешеді. Отбасы, балалар мен кәсібі үшін жауапкершілікті мойнына алады. Кейін әкімдікте бос жұмыс орны бар екенін естіп білдім. 2000 жылы мемлекеттік қызметке орналасу үшін конкурс басталды, өз күшімді сынап көруді шештім. Заңдарды оқып, тестілеуден өтіп, әңгімелесуден өту керек екен. Осы сынақтың бәрінен сүрінбей өттім. ҚР Конституция, Мемлекеттік қызмет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарынан сұрақтар болды. Конкурс қорытындысы бойынша тәжірибелі кандидат ретінде жұмысқа қабылдады және екі аптадан кейін бос орын қайта құрылған кезде мені резервке қойып, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы ретінде жұмыс ұсынды. Мен келістім, – дейді кейіпкеріміз.
Мемлекеттік қызметте еңбек жолы осылай басталды. Бұрынғы көзқарас түбейгейлі өзгерді. Соңынан ізбасарларын дайындады. Табандылық пен еңбектің арқасында аудандық ішкі саясат бөлімінде ұзақ жыл басшылық лауазымды абыройлы атқарды.
– 2000 жылдары аудан ардагерлерімен тұрақты кездесулер өткізілетіні есімде. Олар бізге проблемаларды атап көрсетіп, білмейтінімізді айтып, бетімізге басатын. Бірақ, ол кезде түйінді әлеуметтік мәселелерді шешуге қаражат жеткіліксіз болды. Кейін 2004 жылы аурухананың бір бөлігін күрделі жөндеуге және Желқуар су қоймасынан су құбырын жөндеуге қаражат бөлінді. Бірте-бірте аудан, ауылдың әлеуметтік мәселелері шешіле бастады.
Қазір жастардың мақсаттары айқын, амбициясы жоғары. Кейде оларды сынға алып жатамыз. Бірақ, солай болу керек деп ойлаймын. Бүгінгі ұрпақ ата-аналарын қалай жігерлендіретінін көріп жүрміз, еңбектің жетістіктеріне қалай ынталанады және оны бағалай біледі! Қазіргі жастар басқаша және біздің міндетіміз – оларды дұрыс арнаға бағыттау, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды