Сарбаздарды шығарып салды

Сарбаздарды шығарып салды

ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 6697 әскери бөлімі 2023 жылдың 2- шақырылымындағы сарбаздарын салтанатты түрде шығарып салды.

Олар – жыл бойы облысқа пайдаларын тигізіп, ерлігімен танылған жауынгерлер. Әскери қызметте тәртібі мен қырағылықтарының арқасында, ауа-райының ыстығы мен суығына төзіп, қас қақпай қызметтерін адал атқарды. Табиғат апатынан келген залалды орнына келтіруге қолғабыс қылып, қаланың талай тыныш түндерінің күзетінде болған сарбаздарға 6697 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы, штаб бастығы подполковник Алмат Асылбеков алғысын айтты.

 «Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметі нағыз жауынгерлік қызмет. Әскери қызметшілерден әрдайым моральдік және дене дайындығы  талап етіледі. Күшті, қырағылы болымен қатар, өздеріне жүктелген  тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау  міндеттері қойылады. Әскери кәсібилікке жету үшін теориялық біліммен қатар жанқиярлық, табандылық, әділеттілік және  тәртіпке бағына білуді талап етеміз. Бүгінгі күнді біз әскер қатарында жоғары кәсіби қасиеттерімен қызметке адал ниет білдіргендердің еңбегін бағалау және мойындау күні десек те болады. Себебі, біз әскери борышын лайықты орындаған сарбаздарымызды мақтан тұтамыз. Қызмет барысында олар тәртіптің, жауапкершіліктің және батылдықтың жоғары деңгейін көрсетті. Дәл осындай сарбаздар – барлық келешек Отан қорғаушыларға үлгі», – деп атап өтті Алмат Жұлдызбекұлы.

Қызмет барысында осындай қатаң тәртіпті сақтай отырып, жауапкершіліктің, батылдықтың жоғары деңгейін көрсете білген  жауынгерлерге облыс-қала әкімдерінің, ішкі істер департаментінің, қылмысты атқару жүйесі мекемесінің алғыс хаттары табыс етілді.

Сондай сарбаздардың бірі Мейрамбек Жолдасов жауынгерлік тумен қоштасу рәсімен жасады. Қатарластары мен әскери бөлім қызметкерлеріне алғысын жеткізді. Мейрамбек  былтыр желтоқсан айында 6697 әскери бөліміне Петропавл қаласынан келген.

«Бүгін жауынгерлік тумен қоштасатын сәт те жетті. Бұл ту біздің Отанымыздың намысы, еліміз бен бірлігіміздің нышаны. Әрбіріміздің жолымыз осы тудың астында адал болуға, міндетімізді мүлтіксіз орындауға арналды. Жауынгерлік парызымды абыроймен аяқтағанымды әрқашан мақтан етемін. Бұл ту біздің елімізге деген махаббат пен адалдықтың мәңгілік белгісі болып қала береді», – дейді 2 шақырылым сарбазы, ефрейтор Мейрамбек Жолдасов.

Осы жауынгерлердің бірқатарына А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде білім алуға жолдама берілді.

«Бүгін сіздер еліміздің басты мерекесі – тәуелсіздік күнінің қарсаңында жиналуға себепші болып тұрсыздар. Егемендік өздігінен келмегені белгілі. Кезінде ата-бабаларымыз ақтабан шұбырындыдан, Алаш үкіметіне дейін осы дербестігіміз үшін күресіп келді. Бірақ өздері көре алмаған армандарын біз көріп, қуанышта өмір сүріп жатырмыз. Десек те қазіргі жағдай, геосаясатқа келетін болсақ, күрделі кезеңді бастан кешіріп жатырмыз. Ата-бабаларымыз қалдырып кеткен жері, байлығы, тілі дәстүрі сіздерге аманат. Бүгінде, міне, Отан қорғау борыштарыңызды жақсылап атқарып жатсыздар. Енді алдарыңызда адам мен қоғам арасындағы қатынасты реттейтін сол бабаларымыздан жеткен  ғұрыпты сақтау парызы тұр. Ол үшін біздерге саналы да салиқалы білімді ұрпақ қажет», – деді оқу гранттарын салтанатты тапсыру сәтінде Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар алқасының төрағасы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессосы Қалқаман Жақып.

Енді бұл сарбаздар білімдерін осы оқу орнында жалғастырып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды. Алдағы оқу жылында Ахаң атындағы білім қарашаңырағының қабырғасы әскери адамдармен де толыққалы тұр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу