Сақтандырудың барлық түрі онлайн реттеледі

Сақтандырудың барлық түрі онлайн реттеледі

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандырудың барлық міндетті түрлері бойынша сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу енгізіледі деп хабарлайды ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінен.

 

2017 жылы міндетті сақтандыру түрлері бойынша электрондық шарттарға көшу туралы талап заңнамалық түрде енгізілді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн-сақтандыруды іске қосу басталды. Бүгінгі таңда сақтандырудың міндетті түрлері бойынша барлық шарттардың 100%-ы электрондық формада жасалады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді.

«Халық пен бизнес өнімдерді кеңсеге бармай-ақ, қашықтан сатып ала алады, сақтандыру қызметтерінің географиялық тұрғыдан қолжетімділігіне байланысты мәселе жойылды. Міндетті автосақтандыру – сақтандырудың ең көп тараған және ең танымал түрі. Сақтандырудың осы түрі бойынша цифрлық жүйелік сервистер бүгінгі күні Қазақстанның барлық автокөлік иелеріне таныс. Бүгінде автосақтандыру шарттарын қашықтан жасасу тәулік бойы жүзеге асырылады. Сақтандыру шартын жасасу кезінде жүргізушінің деректері Әділет министрлігінің, МДҚБ, ҚР ІІМ дерекқорларынан автоматты түрде тартылады», – деді агенттік өкілі.

 

Сақтандыру сыйақысы БСДҚ-да есептеледі және төлем онлайн төлемдер арқылы, яғни банк карточкаларынан жүзеге асырылады. Автокөлік иесіне қағаз құжаттарды өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ, өйткені жол полицейлері автокөлікті тоқтатпай, сақтандыруды онлайн режимінде тексеруге мүмкіндік алады.

 

Қашықтан қызмет көрсетудің басты артықшылығы халықты міндетті автосақтандырумен қамтуды арттыру болды. Соңғы 3 жылда міндетті автосақтандыру бойынша сыйақы жинау 58%-ға өсті. Міндетті автосақтандыруды дамытумен қатар КАСКО деп аталатын ерікті автосақтандыру да дамуда.

 

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша КАСКО бойынша сыйақылар да 2 есеге ұлғайды және біз, ең алдымен, ерікті автосақтандырудың мұндай өсуі автонесиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуымен байланысты деп есептейміз. Цифрландырудың келесі дамуына келетін болсақ, мұнда сақтандыру жағдайларын қашықтан реттеуді атап көрсету қажет. Өткен жылы 12 шілдеде Мемлекет басшысы сақтандыру секторын дамыту мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды. Осы Заңмен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандырудың барлық міндетті түрлері бойынша сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу енгізіледі», – деді спикер.

 

Бұл – сақтандыру ұйымдары тарапынан клиенттерге толық қашықтан қызмет көрсетуге көшу. Сақтандыру төлемін алу туралы шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру қызметін көрсетудің барлық процесі автоматтандырылатын болады.

Жаңалықтармен бөлісу