Орталық стадионда өткен кезекті ойын алдындағы нашақорлыққа қарсы акцияға мың жарымнан адам қатысты. Еріктілер жиналғандарға синтетикалық есірткіні қолданудың салдары туралы ақпарат таратқан болатын.
“Тұрғындардың салиқалы өмір салтына, олардың мінез-құлқына, денсаулығына жауапкершілікпен қарауға әсер ететін фактор — спорт, оның ішінде футбол екенін түсіндіру бүгінгі қоғамда аса маңызды. Биыл біздің “Тобыл” командамыздың да УЭФА-да өнер көрсеткеніне жиырма жыл толады. Осыған орай арнайы дала көрмесін де ұйымдастырып отырмыз. Осы акцияның біздің мерекемізбен тұспа-тұс келуі де кездейсоқ емес. Біз сіздерді қолдаймыз!” — дейді клубтың баспасөз қызметінің жетекшісі Қасқырбай Қойшыманов.
Есірткіге балама болып жүрген психоактивті заттарды пайдалану үрдісі елімізде ең өзекті мәселелердің бірі болып қалуда. Қазір Қазақстанда есірткінің таралуы мен қолданылуына қатысты жағдай бүгінгі қоғамның келеңсіз әлеуметтік құбылыстарына тезірек және жиі ұшырайтын болашақ ұрпағымыздың өміріне нақты қауіп төндіруде. Келушілерге таратылған парақшада осы туралы деректер толық қамтылған. Бұл іс-шараны «Қостанай қаласының жас көшбасшылары» қоғамдық бірлестігі облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.