Қостанай қаласындағы М.Горький атындағы гимназияда орналасқан №22 сайлау учаскесінде сайлаушылар таңнан келіп, дауыс беріп жатыр.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Светлана Брунердің айтуынша, мұнда барлығы екі мың жарым сайлаушы тіркелген.
«Сайлаушылар белсенділігі жақсы. Әсіресе, алғашқы төрт сайлаушыға шағын сыйлығымызды табыс еттік. Дауыс беру барысын бақылаушылар қадағалауда», – деді Светлана Брунер.
«Ылғи да бірінші келемін. Бұл жолы жұбайымыз екеуіміз дауыс беруге келдік. Биылғы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутат сайлауының маңыздылығы жоғары екенін түсінеміз. Сондықтан отбасымен келіп, алғашқылардың қатарында өз таңдауымызды жасадық, – дейді жетпіс екі жастағы зейнеткер Камил Мұстафин.
Еске сала кетейік, Қостанай облысында 748 сайлау учаскесі Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында өз жұмысын бастады. Учаскелерде көру қабілеті нашар адамдарға арналған аудиороликтер, көру қабілеті нашар адамдарға арналған трафареттер дайындалды. Яғни, әр учаскеде осындай бұрыштар ұйымдастырылған.