Таяуда ғана кеңінен аталып өткен ұлт-азаттық көтерілістің сардарбегі Аманкелді Үдербайұлы Имановтың 150 жылдығы мен батыр атындағы ауданның құрылғанына 95 жыл толған мерейтойында тың дерек көздеріне сүйене жазылған «Қаһарлы 16-жыл» драмасының аудандағы Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде премьерасы болды. Көрермен спектакльді жақсы қабылдап, риза болды.
Спектакльде ел мен жердің азаттығы, бостандығы үшін Торғай даласында өткен қанды оқиға, азаматтардың қасық қаны қалғанша жан аямаған арпалысы әңгіме болады. Батыр Амангелдінің батыл қимылдары, қысылтаяңда жол тапқан ұйымдастырушылық таланты, жұртын соңына ерте білген даралығы жарқырап көрінеді. Сонымен қатар елдің Әбдіғапар, Міржақып, Әліби, тағы басқа да ақыл иелері мен білімділері батырды қолдап, ынтымақтаса Патша саясатына тегеурінді қарсылық көрсетеді. Спектакль ерінің соңынан ерген елдің ынтымағы жеңіске жететінін,сатқындыққа барған саясаттың түбінде жеңіліс табатынын меңзейді.
Қойылым авторы, кезіндегі осы аудан түлегі, бүгінде Қостанай қаласында тұратын мемлекеттік қызмет ардагері, Аманкелді ауданының “Құрметті азаматы” Әбдіқадыр Әбілтаев. Облыстық қазақ драма театрының белді әртістері Бақытжан Құрмансейітов Амангелдіні, Қонысбек Бегайдаров Әбдіғапар рөлін сәтті ойнап шықты. ҚР Еңбек сіңірген әртісі, режиссер, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Татьяна Рақышева спектакльді қоюға Алматыдан арнайы шақыртылды. Қойылымға бір театрдың әртістері ғана емес, жалпы облыс көлеміндегі аудан өнерпаздарының жұмыла үлес қосуы, бір сахнада басбіріктіре ойнап шығуы оның басты ерекшелігі болғандай.
–Драма жанрына бала кезімнен жақын, үйір болдым. Мектепте батыр пионер Павлик Морозовтың рөлін, “Әке тағдыры” қойылымында Жеңісбекті, М.Әуезовтың “Еңлік – Кебегінде” қойшы бала Жапалды, Ш.Айтматовтың “Жәмила” повесі бойынша жазған драмада Сейіттің рөлін сомдағаным бар-тын. Содан 1967 жылы осы Қостанайда облыстық өнер фестивалінде лауреат атанғанмын. Сол маған шабыт берді. Осы спектакльге дейін атақты Мұстафа Шоқай атам туралы 2007 жылы жазған он көріністі “Түркістан аспанының Жарық жұлдызы” деген драмам бар екенін әзірге көпшілік біле қоймайды. Өйткені ол еш жерде қойылған жоқ. Драма жанрында атым белгісіз болғандықтан, кездескен режиссёрлер аса ынта-ықылас білдіре қоймады. Мен көтерілістің қайнаған ортасы болған батыр атындағы ауданның Үрпек ауылы, Иманов атындағы кеңшарда туып-өскенмін. Бала кезімде Торғай өзені өткелінің аяғынан соғыста суға батырған казактардың әбден тот басып, шіри бастаған қылышын тауып алып, мектеп музейіне тапсырғаным бар еді. Кезінде сарбаз болған ауылдағы Құндызбайдың Әбжаны мен Саржан төренің, Сақтапберген мен Құсей қарттың, Әбдікәрім мен Төлекбай ақсақалдардың, Әтембеков Ыбырайдың, Өржанның Дүйсенбайының, Быжықтың Омары-ның нағыз шындық естелік-әңгімелерін көп естіп-өстім. Соларды ұзақ жылдардан бері тарихи деректермен салыстырып жүретінмін. Жұрттан уақиғаның қисынсыз жерлерін естігенімде «әттеген-ай, осы нақты шындықты кім, қашан айтар екен?!» деп қоя салатынмын. Өткен жылы бір тобылдық ақсақал, қиналмастан «Әбдіқадыр, сендердің Аманкелділерің қолдан жасалған герой ғой» дегені намысыма тиді. Өткен жылы сегіз Ата Торы-Қыпшақ-Құдайменді(Көкмұрын) Бабам рухына арнап “Көкмұрын Ұрпақтарының үні”деген әннің сөзін жазғанмын. Оған атақты өзіміздің торғайлық композитор Бақытжан Сәуекенов жарасымды, екпінді ән-әуен жазған болатын. Сол туындым да жігеріме қанат бітіріп, өкініштері тарқамаған Ахмет атамыз тойынан кейін қараша айында осы драманы жазып шықтым. Білікті ұстаз, жұбайым Алтынай Смайылқызының да көмегі зор болғанын мойындауым керек, – дейді Әбдіқадыр Әбілтаев.
Автор тарихи туындысын бірқатар азаматтарға ұсынып, толықтырады. Зерделі қарт Қоденов Мұқтар қажы, Абылай Мауданов, өлкетанушы Шөптібай Байділдин, тарихшы-ұстаз Жәнібек Ғапбасұлы, ақын Серікбай Оспанұлы, журналист Дина Әбішқызы, Аманкелді ауданының мәдениет бөлімі, А.Иманов мемориалдық музейі, облыстық І.Омаров атындағы, Аманкелді-Арқалық театр ұжымдары үнсіз қалмай, қолдау білдіреді. Әсіресе, Мұқаң қажы төрт беттік ұсыныстары мен алып-қосарларын бүкпесіз айтыпты. Сөйтіп, тарихи-деректі қойылым шындық шекпенін киіп, автордың жинаған сүйегіне режиссер Татьяна Рақышева «ет пен қан» беріп, І.Омаров театрының актёрлері және аудандардан келіп қосылған қосымша әртістер бәрі бірігіп жан бітіреді.
–Ұлт-азаттық көтеріліске сол аймақтан тікелей араласқан кешегі аға-ұрпақ аталарымыздың есімдерін ұмытпай, қайта жаңғырту, олардың үш аудан көлемінде өмір сүріп, тірлік жасап жатқан осы күнгі және ертеңгі ұрпақтарының лайықты мақтаныш, елінсүйгіштік рухын ояту, большевиктік-үстемдік «қызыл саясаттың» жымысқы-сұрқия, арам пейіл-ұстанымын әшкерелеу, Алаш ардақтыларының азаттық жолындағы қиян-кескі іс-қимылдарының да қазақ халқының бостандығы жолына бағытталғанын бүгінгі Тәуелсіздік таңы атқан кезеңде қалай шындық тұрғысында айтылып жүрсе дәл солай әділ, тура, ашық-айқын мазмұнда халыққа жария ету менің басты мақсатым еді. Бұл еңбегім соның жемісі болды, – дейді драма авторы.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА