Рудныйдағы №131 сайлау учаскесінде қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Сәлімгерей Бексейітов дауыс берді.
– Елімізде бірталай оң өзгерістер болып жатыр. Соның бірі тарихымызда болмаған әкім сайлауы. Бұны демократияның жарқын көрінісі деп бағалауға болады. Дауысымды сенім білдірген үміткерге беріп, таңдау жасадым. Қаламыз бұған дейін де жаман болған жоқ, алдағы уақытта да әр саладан даму күтеміз,– дейді С.Бексейітов.
Бұл сайлау учаскесінде 2209 сайлаушы бар. Жүз елуден астам адам дауыс берген. Ал, №130 сайлау учаскесінде Рудный қаласының Құрметті азаматы, 90 жастағы қария Пётр Казанцев өз таңдауын жасады. Ол 40 жыл өндірісте жұмыс істеген.
– Жасым тоқсанға келсе де саяси белсенділігімді танытып дауыс беруге келдім. Байырғы тұрғын ретінде қаланың даму, өсу қарқынын жақсы бағалаймын. Әкім болып сайланатын үміткер халықтың көңілінен шығып, табанды еңбек етсін. Жалпы еліміз өсіп, өркендей берсін, – дейді П.Казанцев.
Сайлау учаскесінде 2106 сайлаушы бар.
Сералы Мырзабай
Рудный қаласы