Руханиятта жарқын ізін қалдырған

Руханиятта жарқын ізін қалдырған

Торғай өңірінде Мұқатовтар әулетін білмейтіндер кемде-кем. Өйткені, руханиятты жоғары бағалайтын азаматтар олардың отбасын нағыз өнер қонған шаңырақ деседі. Бұлай деуге толық негіз де бар… Біз бұл мақаламызда Отаркүл Оразбайқызы туралы айтқымыз келіп отыр.

Дарыны мектепте танылды

Шаңырақтың иесі Оразбай  кезінде халық алдында беделді, партия, кеңес және кәсіподақ саласында жауапты қызмет атқарған, ауызы дуалы, сөзі киелі кісілердің бірегейі болды. Өз ортасында сыйлы, әрі тағдырлы мәселелер қаралғанда айтқан сөзі өтетін. Әрине, ол мәдениет саласына да бүйрегі бұрып тұратын. Өзінің табиғи дарыны да замандастарының арасында ерекше сезілетін. Әсіресе, оның суырып салмалығы айрықша еді. Берген батасы айналасындағы қауымды ойландырмай қоймайтын.

Орекеңнің қиялы қияндарға шарықтап, сурет те салатын. Ән айтқанда шіркін, дауысы қандай асқақ екен десеңізші. Халық шығармашылығын шексіз сүйді. Қоршаған ортасының көркі атанды. Оның құдай қосқан қосағы Зибагүл де отағасына сай жан-ды. Он құрсақ көтерген батыр ана. Ол да ғұмырлық серігі секілді қазақтың ежелден келе жатқан мағыналы да мәнді туындыларын бағалады. Әсем дауысы да замандастарының көңілінен шығатын.

Оразбай және Зибагүл Мұқатовтардың бойындағы осы ән мен күйге деген шексіз құштарлық өздерінен тараған ұл мен қыздарына да дарыды. Тұңғышы Жақсылық Жүнісов елге танымал қаламгер, өткен жылдары қаншама қазақтың атақты өнер жұлдыздары жайлы туындылар жазды. Жәкең бұл күндері Арқалық шаһарында тұрады. Жасы сексеннен асса да қолынан қаламы түскен жоқ.

Бұл әулеттің тағы бір талантты ұлы Нағашыбай Мұқатовты қазақ жұрты ақын, ғалым, мәдениет қайраткері ретінде жақсы біледі. Бұл кісінің орындауындағы Ахмет Байтұрсыновтың «Аққұм» және ұлтымыздың ұлы композиторларының алтын қорымызға енген лирикалық туындыларын шырқағанда жүрек қылын шертеді.

Оразбай ақсақалдың үлкен үміт күткен перзенттерінің бірі – замандасымыз Амантай болатын. Бұл да жастайынан қаламгерлікті жанына серік еткен айрықша дарын иесі-тін. Ұзақ жылдар бойы Торғай өңіріндегі медициналық колледжді басқарды. Сонымен қатар қызметтен қолы қалт еткенде көрікті ойларын ақ қағаз бетіне түсіріп, сатиралық шығармаларын жазды. Тек бір жүректі мұңға батыратыны, өмірден ерте кетті. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, артында өшпес мұралары қалды. Соған шүкіршілік етеміз.

Осы мақаланы жазар алдында кейіпкерім, сахна саңлағы, талантты әнші Отаркүл Оразбайқызын бұрыннан білсем де, тағы да қосымша тың мәліметтер алдым. Оның ғұмыры қай жағынан алсақ та ұлтымыздың қыздарына өнеге боларлықтай.

Өзі үйдің төртінші баласы екен. Үкісары әжесінің бауырында ерке болып өсті. Ағалары қарындастарының жарасымды қылықтарын түсініп, назын көтеретін. Бір айта кетер жай, ол мектептің бастауыш сыныптарынанбастап, әсем әнге деген іңкәрлігі мен қызығушылығын танытты. Өзі оқыған білім ордасының «Кішкентай жұлдызы» болды.

Уақыт өткен сайын Отаркүлдің таудай талабы ұшталып, есімі аудан көлемінде таныла бастады. Сол кездері оның репертуарындағы «Алатау», «Қыз қуу», «Менің Қазақстаным» секілді рухыңды көтеретін және туған жерге деген сүйіспеншілігіңді нығайта түсетін туындыларды жерлестері әрқашан асыға күтетін.

Түрлі фестивальдерде халықтың назарын ерте аударғандықтан ән сүйер қауым мұның шындап қолға алса, өскенде сахна шебері атанарына күмән келтірмеді. Өйткені, мектепті аяқтар кезде оның аты сол өңірде жас та болса, мәшһүр болып қалған-ды.

Сол кезеңдердегі қазақтың өзіне сенімді білімді жігіттері мен қыздары сонау Алматыда оқуды армандайтыны ешкімнен де жасырын емес-ті. Себебі, ару шаһар нағыз мәдениет пен өнердің орталығы-тын.

Көрікті де әсем бойжеткен үй ішінің келісімімен сол бұрынғы ару астанаға аттанды. Бұл 1971 жылдың кәдімгі жаз айы еді. Табиғаты талайды тамсандырған таңғажайып қала Торғайдың қабілетті қызын жатсынған жоқ.

Құжатын қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне тапсырды. Кең байтақ еліміздің барлық өңірлерінен келген құрбыларымен бірге сынақтан сүрінбей өтті.

Мінезі ашық-жарқын, ішімдегіні біл деп тұрмайтын жайдары мінезді бұл олармен тез тіл табысып кетті. Ұстаздан да жолы әбден болды. Оған вокалдан профессор Хадиша Әлиқызы Садықова дәріс берді.

Менің ұққаным, ұлтымыздың мақтанышына айналған әпкеміз сол Алматыдағы өткен шақтарын өміріндегі ең бір шуақты да, бақытты сәттерге балайтын. Көрнекті композитор Алтынбек Қоразбаевтың, белгілі ақын Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған «Сағындым Алматымды» деп аталатын әйгілі ән теледидардан берілгенде еріксіз ұйып тыңдайды.

Қазақ әнін шетелге танытты

Зиялы қауымға белгілі, сонау 1971 жылы Торғай облысы ашылғанда, өңірдегі партия комитетінің идеология жөніндегі хатшылығына ұлтымыздың біртуар перзенті Өзбекәлі Жәнібеков бекітілді. Ол мұнда лауазымды қызметке кірісісімен руханият мәселесіне айрықша назар аударды.

Аймақтағы бойында табиғи дарыны бар бозбалалар мен бойжеткендердің, жалпы, ән мен күйге құштар қабілет иелерінің жолын ашып, олардың жұртшылық алдында жарқырап көрінуіне барын салды.

Сол уақытта музейлермен қатар, 1974 жылы «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрылуына тікелей ұйытқы болды. Осында бұл кезге дейін біраз тәжірибе жинақтап, үлкен сахнаның қыр-сырына қаныққан Отаркүл де арнайы шақырылды.

Ән қоржындарын тың туындылармен толықтырып, шеберліктерін тынбай шыңдаумен болды. Ұлтымыздың абырой-беделін көтеріп, мәдениетімізді өзге мемлекеттерге де мойындатты.

Ансамбльдегі жігіттер мен қыздар Үндістан, Иран, Корея, Польша, Жапония және басқа да бірқатар елдерге сапар шегіп, көрермендерін тәнті етті. Солардың арасында Отаркүл Оразбайқызының сахнада өзін ұстауы, кәсіби жоғары деңгейі дараланып тұратын.

Қай салада болмасын өз мамандығына адалдық танытып, алға ұмтылған жан көздеген биігіне көтерілетіні ақиқат. Әніне сәні келіскен қазақ қызы 1983 жылы Мәскеу қаласында ұйымдастырылған Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің ХII фестивалінде лауреат атанып, туған жеріне үлкен қуанышпен оралды.

Ол қалың жұртшылықтың жан дүниесін рухани байытқан ұлы сазгерлер Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Бақытжан Байқадамовтармен қатар Торғай топырағынан түлеп ұшқан әрі жерлестерінің құрметіне бөленген Болат Хамзин, Бақытжан Сәуекенов сынды композиторлардың шығармаларын жүрекпен орындады.

Мысалы, оның халық көп сұрайтын туындыларының бірі – Болат Хамзиннің «Торғай қызы» еді. Осы әнмен сахнада өнер көрсеткенде жерлестері еріксіз қол шапалақтап, кеуделерін мақтаныш сезімі кернейтін. Гастрольге шыққан кездерінде шалқар шабытқа жетелейтін туындыны орындатпай концерт залдарынан жібермейтін. Аталған ғажайып әннің сөзін жазған ұлтымыздыңталантты ақыны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы.

Жылдар сырғып өте берді. Кешегі тұлымшағы желбіреп, шашына ақ бантик байлаған сымбатты бойжеткен табиғи дарынын ел мойындаған тұлғаға айналды. Руханиятымызда өз қолтаңбасын қалдырды.

Міне, осындай қадір-қасиеттерінен де болар, 2001 жылы Қостанай облысындағы қандастарымыз басым тұратын Арқалық шаһарындағы жасөспірімдер театрына басшы болып тағайындалды.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіттер мен қыздарды үнемі қолдап, қамқорлық жасады. Облыстағы әріптестерінің арасында құрметке бөленді. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атағына ие болды.

Сан қырлы әпкеміздің бойында қалың жұртшылық біле бермейтін қаншама ғибратты қырлары да аз емес-ті. Ол біз білетін мейірімділік, ізденімпаздық сияқты қасиеттерімен бірге жас кезінде көркемсөз оқудың шебері ретінде де жерлестеріне әбден танылған-ды.

 

Ұрпақтары руханиятқа бейім

Жоғарыда әңгіме арқауына айналған «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мұның атақ-даңқын халыққа кеңінен танытумен бірге ұзақ жылдар бойы бір шаңырақтың астында тіршілік кешкен ғұмырлық серігінде жолықтырды. Отағасы Сайлаубек Ордабаев та республикалық байқауларда талай рет топ жарған табиғи дарын-ды.

Ұлттық салт-дәстүрімізді жоғары қоятын Отаркүл Оразбайқызы шаңырақ иесін ерекше сыйлап, пір тұтса, Сайлаубек аға асыл жарын алақанына салып аялады. Ерекше еркелетті. Өнер адамдары қос аққудай жарасып, үнемі қол ұстасып жүретін. Сәкең зайыбын «Оташым», кейде «Тәңірімнің маған берген сыйы» деп жұртшылық алдында абырой-беделін көтеріп отыратын.

Бір-бірін қадірлеген ерлі-зайыптылар қос ұлын өмірлерінің жалғасы, баға жетпес байлығы деп есептеді. Дастан мен Шахмұратты жастайынан ізгілікке тәрбиеледі.

Мәселен, кіші перзенттері ата-анасының жолын қуды.Бас қаламыздағы ұлтымыздың мақтанышы, Әлем әртісі Айман Мұсаходжаева басқаратын өнер университетінің түлегі. Қазіргі таңда елордамыздағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың актері әрі дубляж режиссері ретінде көпшілікке белгілі. «Серпін» сыйлығының лауреаты. Бірнеше көркемфильмдерге түсіп үлгірді.

Бұлардың отбасындағы тұңғыш балалары Дастанзаман талабына сай кәсіпкер. Анасына әрдайым қамқоршы болды. Сырқаттанған кезінде жанынан табылды. Марқұм әкесінің шаңырақтағы орнын жоқтатпады.

Бұл күндері Дастан мен Шахмұрат үйлі-баранды. Өмірлік серіктері Әсел мен Маржаннұр енелерін өз аналарындай сыйлап, бір сөзін екі етпеді. Бұдан артық қандай құрмет болады.

Ешкім де мәңгілік емес. Бүкіл ғұмырын сахна мен өнерге арнаған Отаркүл Мұқатова дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде, оны танитын әрі білетін әріптестері, замандастары, шапағатын көрген шәкірттері қатты қайғырды.

Осылайша көмейіне бұлбұл ұялаған ардақты өнер жұлдызынан күтпеген жерден айырылып қалдық. Оның жарқын бейнесі өзі бір перзенті болып табылатын халқы мен ұрпағының жүрегінде сақталады.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,

мәдениет қайраткері.

Жаңалықтармен бөлісу