Рудныйлықтар апаттың алдын алды

Рудныйлықтар апаттың алдын алды

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілдері ERG құрамындағы “Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі” АҚ филиалына қарасты “Электр станция” (ЖЭО) нысанына баспасөз турын өткізді. Қатысушылар алдағы жылыту маусымында қаланы жылумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен танысты.

Баспасөз турына табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Ақан Ташпанов пен БАҚ өкілдері қатысты. Электр станциясының операциялық директоры Василий Новоселов жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының және жалпы инвестициялық бағдарламаны орындау шараларының қорытындыларын ұсынды. 2023 жылы бұл мақсатқа 937,1 млн теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда (671,9 млн.теңге) 265,1 млн теңгеге немесе 139%-ға  өсті.

– Жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бір қазандық пен бір турбина жұмыс істеп тұр. Әзірге олардың жүктемесі аз. Бірақ, қалада жөндеу жұмыстарының аяқталуына қарай іске қосу операциялары жалғасады. Бізде №4 энергетикалық қазандықты жөндеу аяқталды, №2 қазандықтағы жұмыстар аяқталуға жақын. Біраз уақыттан кейін біз №5 және 6 қазандықтарды қайта құрылымдауды аяқтаймыз, – дейді Василий Новоселов.

Ауқымды өзгерістер электр станциясының бу және су жылыту қазандықтарына әсер етті. Аталған жабдықтың пайдалы әсер коэффициентін арттыру үшін айтарлықтай жұмыс атқарылды. №3 су жылыту қазандығында қалқандарды, коллекторларды, конвективті бөліктерді ауыстыру, тартқыш және түтін соратын жабдықтарда жөндеу  жүргізілді. Күрделі жөндеудің жалпы құны 200 млн теңгеден асты. № 1,2 турбиналарда 90 және 130 кернеуді түрлендіргіштер, төмен қысымды регенеративті жылытқыштар ауыстырылған. Бұған шамамен 70 млн теңге, оның 30 млн теңгеден астамы жылу энергиясын өндіруге жұмсалды. Делегаттар осы нысандарға да барып, атқарылған жұмыс көлемін көрді.

Электр станциясын ауқымды қайта құрылымдау кезінде Рудный энергетиктері көмекші жабдықтарды да ұмытқан жоқ. Атап айтқанда, ЖЭО және өнеркәсіп кешені ауданында жылу беру құбырын ауыстыру жұмыстары да аяқталуға жақын.

Қарлығаш Маратқызы

Жаңалықтармен бөлісу