«Қостанай таңы» ұйымдастырған ұтыс ойынының рудныйлық жеңімпазы бүгінде 87 жаста. Кеншілер қаласына киелі Торғайдан көшіп келген Қанымкүл Есжановаға демеушілердің атынан асхана жиынтығы табысталды.
Кейуана 2005 жылдан бері газетіміздің тұрақты оқырманы. «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызын тұңғыш ұлы Әлібек Сарбозовпен қарсы алған қария осы жолы да көзәйнегімен үңіліп, газет бетінен жанарын тайдырмай отыр екен.
Жылы шыраймен есіктен кірген меймандарына ізет танытты, отағасымен өткен өнегелі жолын әңгімелеп айтып берді.
Жолдасы Қабдығали Сағындықов Көкалат табанының тумасы. Қостанайдың мұғалімдер даярлайтын мектебін аяқтап, еңбеки жолын туған жерінде ұстаз болып бастаған. Көршілес Аралбай ауылында мектеп директоры болған. Қазіргі Ақшығанақта жұмысшылар комитетін басқарды. Кейін осы қызметін Албарбөгет ауылында жалғастырған. Өзі сатушы болып еңбек етіп, отағасымен екі қыз, төрт ер бала тәрбиеледі.
Бүгінде он шақты немерелері өз алдына, тұңғышы Әлібектен екі шөбере көріп отыр.
«Үнемі ел аралап, көшіп-қонумен жүрдік. Ақкөлге дейін барып, партия комитетінің хатшысына дейін жоғарылады. Еңбек қызылту орденінінің иегері атанды. 2001 жылы 74 жасында өмірден озды. Содан Рудный қаласына 20005 жылы қоныс аудардық. Содан бері зейнетақымнан «Қостанай таңын» жаздырып, елімнің жаңалығын оқып отырамын», – дейді әжей.
«Қостанай таңының» ұтыс ойыны екінші жыл ұйымдастырылуда. 2025 жылдың оқырмандары үшін де жалғасады. Республика күніне орай өткізіліп жүрген іс-шараның бас демеушісі – «Сосновый бор» шипажайы. «Тобыл» футбол клубы, «Аllur» компаниясы, «Аманат», «Ауыл» партиялары, «Еуразиялық банк» АҚ, «Емшан» сауда үйі мен облыстың басқа да кәсіпкерлері қолдау көрсетті. Ұтыс ойынына қатысу үшін 2025 жылға 6 айдан 12 айға жазылу керек. Сонда сіз автоматты түрде ұтыс ойынына қатысушы атанасыз. Осылайша сыйлық иегері атануыңыз мүмкін.