Рудныйлық оқушы қыз Гарвардтың студенті атанады

Рудныйлық оқушы қыз Гарвардтың студенті атанады

Рудныйлық оқушы Аяжан Жәдігерова Гарвард университетіне білім грантын ұтып алды. Ол енді беделді оқу орнында медиа маркетинг мамандығын оқитын болады.

Грант иесі биыл кеншілер қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №19 ЖББМ 11-сыныбын бітіреді. Аяжанмен хабарласып, мұндай жетістікке қалай қол жеткізгенін сұрап білдік.

“Екі жыл бойына үздіксіз дайындалдым. Өйткені өз алдыма шетелде оқимын деген мақсат қойған едім. SAT IELTS TOEFL тестін тапсырып, жоғары ұпай жинадым. Ары қарай университеттің емтиханын тапсыруға ішкі іріктеуден өттім. Жауабын тек сәуір айында алдым. Енді қыркүйек айында виза әзірлеп, бірінші АҚШ еліне кетемін”, – дейді жас талап.

Ол Астана мен Алматы қаласындағы мамандардың ағылшын тілінен өткен онлайн курсына қатысқан. Үздіксіз дайындықтың арқасында 3 кезеңнен де сүрінбей өтті. Ата-анасының қуанышында да шек жоқ. Ол кісілер үшін күтпеген жаңалық болды дейді талапкер.

“Дайындалып жүргенімді жария етпедім. Қалай десек те уайым болды, оны іштей өткердім. Жақындарыма тек нәтижесін көрсеттім. Тест сұрақтары қиынға соқпады. Логикалық тұрғыдан ойлануды қажет етеді. Ендігі қалғаны – өзім жайлы ынталандыру хатын толтыру және ағылшын пәні мұғалімінен мен туралы мінездеме жаздырту. Арманым мақсатқа айналып, әрекет жасадым. Жемісін көргелі тұрмын. Ол жақта 4 жыл білім аламын”, – дейді Аяжан Жәдігерова.

Аяжан оқуды сәтті аяқтаған соң елге оралып, медиа маркетинг саласына өз үлесін қосуды жоспарлап отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу