Рудныйда жеке секторлардағы жылу желілерінде екі авария болды.
Алғашқы ақау бүгін түнгі сағат 2:00-де Топорков көшесіндегі кварталішілік құбырдан табылды.
“8:30-да желі қалпына келтіріліп, іске қосылды. Жеке сектордағы барлық 198 абонентке жылу берілді. Сондай-ақ 6:00-де Строительный көшесіндегі жеке секторда да кварталішілік желіде ақау білініп, 27 абонент жылудан ажыратылды. Бірақ үйлерде температуралық режим сақталып отыр. Аварияны жөндеуге 11 адам, үш техника жұмылдырылды. Жылу сағат 12:00-де беріледі”, – делінеді Рудный қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Айта кетерлігі, бұл құбыр желілері магистралды емес. Аталған учаскелерде бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ал мұндағы құбырлардың “жаңадан салынғаны” туралы ақпарат жалған.
Рудныйдағы кварталішілік желілердің жалпы ұзындығы – 140 км, оның ішінде жеке секторлардағы жылу тарату желісінің ұзындығы – 44 км.
“Соңғы екі жылда қалада 16,5 млрд теңгеге 33,8 км жылу жедідері жөнделген. Нәтижесінде тозығы жеткен магистралды желілер үлесі 40,3%-да 31,4%-ға, кварталдық желілер 71,9%-дан 65,9%-ға төмендеді. Сондай-ақ авария саны да кеми түсті. 2023 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында магистралды желілерде 56 жағдай болса, биыл 5 оқиға тіркелген. Кварталішілік апаттар былтыр 490 рет болса, осы жылы 318-ге кеміді”, – деген ақпарат беріліп отыр.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, барлық апат максималды қысқа мерзімде, орта есеппен алғанда 3-4 сағат ішінде жойылған.
Фото: iagorod.kz/Д.Тимина