14 мая, 2025
Рудныйда жол жөнделіп, тұрғын үйлердің қасбеттері қалыпқа келтіріледі

Рудныйда жол жөнделіп, тұрғын үйлердің қасбеттері қалыпқа келтіріледі

Рудный қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала көшелері мен аулалардың тазалығын сақтау, қоршаған ортаны жақсарту бағытында бірқатар игі істер қолға алынған.

Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Атап айтқанда, қаладағы платикалық терезе жасайтын серіктестік материал қалдықтарын полиганға апармай, өз аумағын қоқыс етіп үйіп қойған. Сондай-ақ ағаштар мен аллеялардың маңында қоқыс үйінділері жетерлік. Кеншілер шаһарына жұмыс басыбмен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов кемшілікті тез арада жоюды тапсырды.
Кеншілер шаһарындағы «Горняк Арена» ғимаратында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен Рудный қаласын абаттандыру мәселесі бойынша кеңес өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов қаланың абаттандыруға қатысты әр саласына жеке тоқталды. Қала облыстың ірі тау-кен аймағы болып саналады. Сол себепті, заманауи, жайлы және өмір сүру үшін таза болуы керек дегенді айтты облыс әкімі.

«Кен бюджеті жыл сайын өсіп келеді. Соңғы екі жылда ол үштен біріне өсті. 2023 жылғы 67,5 млрд теңгеден биылғы жылға дейін 89 млрд теңгеге дейін жетті. Қалалық инфрақұрылымды жақсартуға биыл 9,3 млрд теңге бағытталып отыр, өсім 1,6 есе. Тек автожол саласына 6,5 млрд теңге бағыттаймыз, өсім 50% жуық. Былтыр 4,5 млрд болатын. Осы жылы қаланың сыртқы келбетін жақсарту үшін тоғыз үйдің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге 700 млн теңге бөлінді, бұл жерде де үш есе өсім бар», – деді Құмар Ақсақалов.

Мұның сыртында тротуарларды орнатуға екі есе қаражат қарастырылған. Үш млрд теңгеден астам қаражат көшелерді қалыпқа келтіруге жұмсалмақ. Өңір басшысы осы жұмыстарды сапалы және мерзімінде орындауды тапсырды.

«Менің атыма қаладағы кейбір көшелер мен кварталдарды жарықтандырудың жоқтығы туралы өтініштер келіп түсуде. Жыл соңына дейін қала әкімдігіне көшелерді жарықтандырумен 100% қамтуды қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Құмар Ақсақалов.

Ары қарай Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко баяндама жасады. Шаһар басшысының сөзінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы екі бағытта іске асырылып жатыр екен. Бірі тұрғындардың, қоғамдық ұйымдар мен жеке кәсіпорындардың өкілдері тартылса, екінші бағытта бюджет қаражатын тарта отырып, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері атсалысуда.

«Осы жылдың 27 наурызы мен 10 сәуір аралығында аумақты абаттандыру және санитарлық тазарту жөніндегі көктемгі айлығы шеңберінде 12 жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Оған 39 874 адам, оның ішінде кәсіпорындар, мекемелер қызметкерлері және белсенді азаматтар қатысты. Аумақты жинау және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару ісіне 398 түрлі меншік нысанындағы ұйымдар, 130 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 12 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, он екі рұқсат етілмеген қоқыс полигоны жойылды», – деді Виктор Ионенко.

Санитарлық тазарту айлығы кезеңінде «Рудный АБАТ-2006» ЖШС өз полигонында тұрмыстық қатты қалдықтарды тегін қабылдаған. Бұл тәсіл қалада тазалық сақтауға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар маңызды қоғамдық міндеттерді шешуге бизнестің белсенді қатысуының жарқын көрінісі болды.

Сералы МЫРЗАБАЙ,

Суреттерді түсірген — Бердіболат Көркембаев