Рудныйда кейінгі екі жылда қаңырап, бос қалған үйлерді қайта қалыпқа келтіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін келшілер қаласында бернеше көп пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілген еді. Мұның сыртында жаңа көп пәтерлі тұрғын үйлер де бой көтеруде.
Қаладағы Пионер көшесі, 29 мекен жайындағы екі қабатты ғимарат бұған дейін бос тұрған еді. «Qazaqstan Construction Holding» ЖШС ұйымы қолға алып, тағы бір қабат қосып салып, жөндеу жұмыстарын жүргізген.
«Бұл үйді бастан аяқ жөндеп шығуға төрт жарым ай уақыт кетті. Негізінде екі қабатты болатын, біз тағы бір қабат қостық. Тиісінше шатыры жаңартылды. Сондай-ақ, коммуналдық желілердің барлығы жаңадан орнатылды. Яғни, жылу, кәріз жүйелері, электрмен жабдықтау құрылғыларының барлығы жаңа. Көктем шыға, аулаға балалар ойын аланын орнатамыз. Сондай-ақ, көлік тұрағы да салынады», – дейді «Qazaqstan Construction Holding» ЖШС кәсіпорнының өкілі, жоба менеджері Семен Макаров.
Тұрғын үйде барлығы он сегіз пәтер бар. Олардың төртеуі үш бөлмелі, біреуі бір бөлмелі, ал он үші екі бөлмелі.
Пәтер кілтін алғандар қатарында көп балалы отбасылар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар, «Алтын алқа» иегерлері және жетім балалалар мен қандастар бар.
«Үй кезегінде 10 жыл тұрдым. Бұған дейін пәтер жалдап келдік. Сегіз балам бар. «Алтын алқа» иегерімін. Қазіргі таңда зейнетке шыққанмын. Балаларым үйлі-баранды. Немере, шөбере сүйіп отырмын. Жергілікті билікке алғыс айтамын. Құтты қоныс болсын. Пәтер күтіп жүргендерге жұғысты болсын», – дейді екі бөлмелі пәтер иесі Алма Жылқыбаева.
Ал Өлмес Жүсіпова үш бөлмелі пәтерге ие болып отыр. Көп балалы ана, жолдасы екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр.
«Өте қуаныштымыз. Көптен күткен пәтерімізге қол жеткізіп отырмыз. Өйткені, бұған дейін пәтер жалдап келіп едік. Бес жылдан кейін өз атымызға рәсімдеуге болады екен. Өзім кәсіпорында конвейер машинисі болып жұмыс істеймін. Әкімдікке алғыс айтамын», – дейді Өлмес Жүсіпова.
Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Радмира Оразбекованың айтуынша, бүгінде үй кезегінде 4283 адам тұр.
«Үй кезегінде тұрған адамдар саны он сегіз адамға қысқарады. Сондай-ақ, алдағы уақытта тағы үш көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының аяқталуына шамалы қалды», – дейді Радмира Оразбекова.
Жалпы алғанда, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Тұрғын үй–коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жұмыс жалғаса бермек.
Яғни, оған тұрғын үйлерді жаңғырту, қасбеттері мен шатырларын қалыпқа келтіру жұмысы кіреді. Биылға облыстық бюджеттен тоғыз көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын, қасбетін жөндеуге 700 млн теңге бөлінген. Алдағы жылы 42 үй жөндеуден өтсе, 2027 жылы 24 үйді жөндеу жоспарлануда.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК