Рудныйда мешіт асханасы салынып жатыр

Рудныйда мешіт асханасы салынып жатыр

Рудный қаласындағы “Нұр” мешіті 2009 жылы пайдалануға берілген. Нобайы сызылғанда жертөлесінен асхана салу жоспарда болған екен. Ол кездегі қаражаттың жоқтығынан аяқталмай қалған. Биыл қала басшылығының және демеушілердің қолдауымен жұмыс қайта жанданды. Қазір сыйымдылығы 200 адамдық асхананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Мешітте 1000 адам бір мезетте намаз оқи алады. Ғибадатхана Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне ұқсатып салынған. Ерлер намаз оқитын 2 зал, әйелдер үшін 2 зал, неке залы, балалар оқитын дәрісхана, имам, есепші, күзетші бөлмелері бар. Күмбезі мен мұнарасы керамикалық плитамен қапталған. “Нұр” мешітінің найб-имамы Балғабай Шайкемеловтің айтуынша, асхана жұмысының басталғанына бір айға жақындаған.

 – Қазіргі таңда сылақ жұмыстары жүргізіліп, тас еден тегістелді. Асхананы толық аяқтау үшін шамамен 30 млн теңдей қаражат қажет. Оаған асхана жабдықтары, ыдыс-аяқ сатып алынады. Қала әкімдігі мен кәсіпкерлер көмектесіп жатыр. Демеушілер жағы қол көмегін қоса беріп, құрылыстан хабары бар адамдарды тартуда. Жәрдемдесіп жатқан жандардың барлығына Алла разы болсын. Мешітке асхана ішкі тәріп үшін де қажет. Жаназа, қырық күндік, еске алу астарын бір жерден өткізген дұрыс. Рамазан айында ауыз ашар беруге де ыңғайлы. Осы уақытқа дейін жазда есік алдына киіз үй тігіп келдік. Күн суытқан уақыта олай жасауға тағы болмайды. Асхананың салынғаны мешіттің коммуналдық шығындары мен қызметкерлердің жалақысын төлеп отыруға сеп болушы еді, – дейді найб-имам Балғабай Шайкемелов.

Тұрғындар да мешіт асханасының тезірек ашылғанын қалап отыр дейді мешіт өкілі. Мейрамхана, кафе іздеп шабылмай, діни рәсімдерді бір орыннан атқарғанды құп көретіндер көп.

 – Көрсетілетін қызмет ақысы мейрамханаларға қарағанда арзанырақ. Өзіміздің жоспарымызға қарай, асханаға екі аспаз, ыдыс жуушы мен тазалаушы және даяршыларды қызметке қабылдаймыз. Жалпы халықтық ортақ есеп-шот ашылды. Алдағы уақытта шот дерегін жариялайтын боламыз. Көмектесем дейтін адамдар сол шотқа көмектерін аудара алады, – дейді Балғабай Шайкемелов.

Жалпы мешіт жамағатының басым бөлігі жастар екен. Мешіт өкілдері жоғарғы оқу орыны, колледж студенттерімен кездесу өткізіп тұрады. Жұма намазында адам саны 500-ден асып жығылады.

 – Рамазан айында мешіте ине шаншар орын болмайды. Келушілердің көбі жастар. Орта буын мен ақсақалдарымызда жоқ емес. Мешітте бесін, ақшам намазы уақытында уағыз оқылады. Мемеке, білім беру ұйымдарының келісімімен кездесу өткіземіз. Мешітте сенбі, жексенбі күндері мектеп жасындағы оқушыларға құран сабағы жүргізіледі. Жаз мезгілінде “Имани жаз” бағдарламасымен бір ай мешітте оқу дәрісі өтеді. Одан бөлек, спорттық ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Танымдық іс-шаралар да қоса атқарылады. Оның сыртында ересектерге аптасына екі рет сабақ жүрегізіледі, – дейді найб-имам.

Мешіт өкілдері қайырымдылық іс-шараларын жиі атқарып жүр. Құрбан айт, Ораза айттарда жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік үлестіреді. Сондай-ақ, айына бір рет мұқтаждарға дәл сондай азық-күлік қоржыны таратылады. Жыл сайын “Мектепке жол” акциясына атсалысады. Көп балалы отбасыларға, жалғыз басты аналардың балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар алып береді.

Көмектесіп, қол ұзын созам деушілер болса мешіттің арнайы ашылған есеп-шот дерегін ұсынып отырмыз.

 

 Сералы Мырзабай 

Суреттерді түсірген

Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу