Рудный қаласында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған маңызды іс-шара өтті.
7 мамыр күні Рудный қаласының орталық алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне арналған экспозицияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған шара – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналды. Бұл — бір жағынан елдік рухты көтеретін, екінші жағынан жас ұрпақты патриотизмге баулитын ерекше мазмұнды оқиға.
Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен айнасы, елдігіміздің, тұтастығымыздың нышаны. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, рәміздерге деген құрмет – Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – бұл жай ғана белгілер емес, олар — ұлт рухын, егемендігіміздің салтанатын айқындайтын қасиетті құндылықтар.
Азаматтық рухты арттыратын алаң
Жаңа экспозиция алаңы – 20 метрлік көк Ту тігілген алып флагшток, екі керамограниттен жасалған блок (3x2x0,5 м) және онда Мемлекеттік рәміздердің сипаттамасы мен Әнұранның мәтіні жазылған. Кешен түнгі жарықпен жабдықталған және салтанатты іс-шаралар өткізуге бейімделген. Бұл – тек архитектуралық нысан емес, бұл – азаматтық рухты көтеретін идеялық алаң.
Ұрпақтар сабақтастығы – ел болашағының тірегі
Іс-шараға қаланың Құрметті азаматтары, ардагерлер, алғашқы құрылысшылар, еңбек ерлері, мемлекеттік қызметшілер, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері мен тұрғындар қатысты. Барлығы 3 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл — ұрпақтар сабақтастығы мен ел бірлігінің нақты көрінісі.
Қаланың ақсақалы Жаңбыршы Тлеуғабылов өз сөзінде:
– Бұл кешен – елге, Туға, тарихымызға деген тағзым. Мұндай нысандар жастарды елжандылыққа тәрбиелеп, тарихи жадыны жаңғыртады. Бұл – бабалар аманатына адалдықтың белгісі, – деді.
Сөз сөйлеген қала әкімі Виктор Ионенко:
– Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің елдігіміздің басты белгісі, Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры мен тұтастығын білдіретін қасиетті нышандар. Оларды ұлықтау – әр азаматтың парызы. Бүгінгі экспозиция – елдік сана мен ұлттық бірегейлікті нығайтатын ерекше алаң. Бұл — тек архитектуралық нысан емес, бұл – халқымыздың жүрегінде терең орныққан тәуелсіздік рухының айғағы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін біз ең алдымен рухани тұтастығымызды сақтауымыз қажет» деп айтқан еді. Біздің міндетіміз – жастарымыздың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі Тәуелсіз Қазақстанның тірегі. Сондықтан біз оларды ұлттық құндылықтармен сусындатып, тарих пен ерліктің қадірін білуге тәрбиелеуіміз керек – деп атап өтті.
Отан қорғаушылар күніне арналған мұндай мерекелік шаралар бүгінгі таңда еліміздің барлық қалалары мен аудандарында өтуде. Бұл — Қазақстан халқының бірлігін, ұрпақтар сабақтастығын, ел қорғаған ардагерлер мен сарбаздарға деген құрметтің белгісі.
Отанға адалдық – жастар тәрбиесінің өзегі
Жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті ояту, әскери қызметке құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында әскери бөлімнің (ВЧ-6697) әскери оркестрі мен сарбаздарының, қала мектептері мен колледждерінің оқушыларынан құралған 280 адамнан тұратын саптық шеру ұйымдастырылды. Бұл – болашақ ұрпаққа патриоттық рух дарытудың айқын жолы.
Осы күні бірқатар азаматтарға жоғары марапаттар табысталды. «Рудный қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісімен Ахметжанов Ғабдолла, Глейзер Геннадий Ефимович, Кәкенов Жақсылық Кәкенұлы және Пентюхова Лилие Львовна марапатталды. Сондай-ақ Қостанай облысы мен Рудный қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталары табысталды.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған әскери парадтың тікелей көрсетілімімен аяқталды. Бұл – ел ертеңін ойлаған азаматтарға арналған рухты жаңғыртатын, тарихи мәні терең күн болды.
Рудный қаласы